Мемлекет жас ғалымдардың пікіріне бей-жай қарамайды – Еңлік Ормаханова

«Ғылым таппай мақтанба»... Абай атамыздың сонау XIX ғасырдың басында айтқан ұлағатты сөздері күні бүгінге дейін өзектілігін жойған емес. Қуантарлығы, Қазақстан соңғы жылдары «инемен құдық қазған» ғалымдар мен олардың ғылыми жаңалықтарына барынша қолдау көрсетіп жатыр. Солардың бірі – биылғы жылдың ақпан айында құрылған  Ұлттық академияның Жас ғалымдар кеңесі болып отыр. Кеңестің тыныс-тіршілігі қандай? Алда қандай жоспар бар? Осы және өзге де сауалдардың жауабын алу үшін, доктор (PhD), Халықаралық білім беру корпорациясының қауымдастырылған профессоры, кеңес мүшесі Еңлік Ормахановамен тілдескен едік. 

- Еңлік, күні кеше Президент бастамасымен Ұлттық академияда Жас ғалымдар кеңесі құрылған еді. Қателеспесек, кеңес жас ғалымдарға қолдау көрсетуді мақсатында құрылып отыр. Одан бөлек, Кеңес алдында тағы қандай мақсат-міндеттер тұр?

ҚР президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында алғаш рет Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Жас ғалымдар кеңесі құрылмай тұрып та ғылымға қатысы бар адамдар мемлекет қолдауын сезініп жүрді деген ойдамын. Соңғы бес жылдықта түрлі гранттық бағдарламалар әзірленді, оның ішінде топпен атқарылатын гранттық жобалар, мега-жобалар, «Жас ғалым» конкурсы бар. Мәселен, мен Жас ғалым 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсын өткен жылы жеңіп алдым. Қазіргі таңда медиа-лингвистика бағыты бойынша қарқынды түрде зерттеулермен айналысудамын. Осы жылдың ақпан айында Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Әрине, ол да отандық ғылым үшін үлкен жетістік. Себебі қаншама сала өкілдері түрлі алаңдарда Қазақстан ғылымының басты мәселелерін талқылап, мүддесін қорғап, өз ұсыныстарын білдіру мүмкіндігіне ие болды. Илегеніміз – «бір терінің пұшпағы». Барлығымыз отандық ғылымның дамуын қалаймыз, соған әрекет етіп жатырмыз. Бізді қуантатыны – мемлекет жас ғалымдардың пікіріне бей -жай қарамайды. Демек, ғылым, білім саласына қатысты кез-келген мәселе біздің қатысуымызбен шешімін табады, пікіріміз тыңдалады, ұсыныстарымыз ескеріліп жатыр.   Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының көрегендігін айтқым келеді. Ғылымды дамыту жолында маңызды қадамдарының бірі - Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесі қайтарылды. Ұлттық ғылым академиясы жұмысын қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен жүргізіледі. Бұрын сонды ғалымдарымыз нәпақасын табу жолында Жоғары оқу орындарында дәріс беріп, көп сағат алуға мәжбүр болса, қазір емін-еркін зерттеулермен айналысып, жаңалықтар ашып, мақалаларын жазуға мүмкіндіктері бар.  Басты назар – ғылымда. Кеңес алдында көптеген міндеттер тұр, мақсатымыз бір – ғылым салаларын дамыту, ғалымдардың құқығын, мүддесін қорғау, отандық ғылымның деңгейін көтеру. Жас ғалымдар кеңесінің тағы бір ерекшелігі -  кездесу үшін кездесулер ұйымдастырмаймыз. Жиында ұсыныстар, көтерілген мәселелер айтылған жерде қалмайды. Мәселен, Ұлттық баяндаманы әзірлеу бойынша ұсыныстар жіберілді. Бұл Президент Тоқаевтың өзі оқитын ғылымға қатысты құжат. Есепті осы Ұлттық ғылым академиясы, оның ішінде жас ғалымдар тобы әзірлеуге септігін тигізді. Одан бөлек, бұған дейін ҚР Президенті Қ. Тоқаевтің  отандық ғылымдағы дамытуға қатысты міндеттерді орындау бойынша Ұлттық ғылым академиясы, оның ішінде жас ғалымдар Адал азамат», «Оқитын ұлт», «Таза Қазақстан», «Отбасылық құндылықтар» сынды  концепциялар жолдап үлгерді.   

- Соңғы кездесуде грант, доктарантураға дайындайтын ұстаздар мен авторлық құқық мәселесін қозғапсыздар. Кеңес отырысында тағы қандай мәселелер қаралды? Жалпы мемлекет тарапынан жас ғалымдарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

Ақылбек Күрішбаев бастаған ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ғылым саласындағы жұмысы трансформацияға ұшырап, отандық ғылымға жаңа серпіліс алып келуде. Ал кеңес бірінші кезеңде түрлі ғылыми орталықтарда, жоғары оқу орындарында жұмыс жасайтын жас ғалымдардың мүддесін қорғайтын орган. Осы кеңестің жұмыс аясында атқарылып жатқан істер – бұл отандық ғылымның келбеті және оның болашағы. Сондықтан призидум тізіміне кіретін ғалымдардан бастан төрт бағыт бойынша құрылған жұмыс топтарына кірген әр ғалым  өзіне артқан жауапкершілікті сезіну керек деп ойлаймын. Жас ғалымдар кеңесін мансабы жоғарлау немесе атақ-даңққа ие болу үшін пайдалануға әсте болмайды, біз керісінше өз саласы бойынша нақты нәтижелер көрсетіп, ғалымдардың статусын көтеруді мақсат етеміз. Сонда ғана біз өскелең ұрпақты ғылымға баули аламыз.  Күні кеше Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мақсат Жабагин өзекті мәселелердің бірі – гранттық жобаларға қатысу мәселесін көтерді. Сол үндеу министрлікте отырған адамдардың құлағына жетіп Саясат Нұрбек мырза бұл мәселені қайта қарастыруды ұйғарды. Одан бөлек, кеңес мүшелері мемлекеттік деңгейде кез-келген мәселеге қатысты өз көзқарастарын білдіре алады. Тіпті Парламент депутаттарымен бірге ғылымға қатысты заң жобаларын әзірлеуге көмектеседі. 

- Ғылымда жүрген жастардан үкімет тарапынан материалдық тұрғыдан көмек болса ғой дегенді жиі естіп жатамыз. Мәселен үй беру, баспанаға кезекке тұру және т.б. Осы тұрғыдан Кеңес тарапынан министрлікке ұсыныстар болды ма?

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемі ғалымдарға жағдай жасау керек деп айтып жүр. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Мысалы, алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді деген ақпарат бар. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді. Былтыр 284 жас ғалым баспаналы болса, биыл Президенттің тапсырмасымен жас ғалымдарға тағы 200 пәтер берілетін болды. Міне, біз осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау көрсетіліп отырғанын көріп отырмыз. 

- Кеңестің, өзіңіздің алдағы жоспарларыңыз қандай?

Жалпы кеңестің бір жылға арналған жұмыс жоспары бекітілген. Өзім кеңес жұмысына ағымдағы жылдың жаз айынан бастап аралассам да көптеген жұмыстар қолға алынғанын айта аламын. Мен бірден кеңес мүшесі болған жоқпын. Жалпы ҚР Ұлттық ғылым академиясында төрт бағыт бойынша жұмыс жүреді: «Білім мен азаматтық қоғам», «Агробиоресурстар және экология», «Жер, Ғарыш және коммуникациялар», «Өмір және денсаулық». Әр бөлім өз бағыты бойынша жұмыс атқарады. Мен «Білім мен азаматтық қоғам» жас ғалымдардың жұмыс тобында болдым. Жоспар мен атқарылған жұмысқа келсек, біздің кеңестің Президиум басшысы Мақсат Жабагин жақында ғана Мәскеуге барып, Ресей Федерациясының Жас ғалымдар кеңесімен бірнеше келісім шартқа қол қойды. Бұл біздің халықаралық деңгейге шыққанымздың белгісі. Өз жоспарларыма да тоқтала кетсем, қазіргі таңда Сочи қаласында орналасқан ғылыми-техникалық орталық бар. Ол «Сириус» деп аталады. «Сириуста» ғалымдар үшін барлық жағдай жасалынған: соңғы технологиялар, үздік лабораториялар, әлемдік деңгейде ғылыми жаңалықтар ашқан ұстаздар...Бірнеше ай бұрын орталықпен байланыс орнаттым. Өз саласында үздік жас ғалымдардың осы «Сириуста» тәжірибесімен бөлісіп, қысқа мерзімді тағылымдалардан өтсе екен деп армандаймын. Әрине, бұл халықаралық деңгейдегі байланыс біздің Ұлттық академиясының негізінде болады деп жоспарлануда. Осы идеяны қолдағаны үшін үлкен буын өкілі – академик Зейнеп Базарбаеваға және Президиум басшысы Мақсат Қизатұлына алғысымды білдіремін! Жақын арада қазақстандық жас ғалымдар «Сириус» қалашығында білім алады деп сенемін. 

Әңгімеңізге рахмет!