Мемлекеттік айыптаушылар С.Хайровқа 12 жыл жаза кесуді сұрады

Қайта ашық есік жағдайына көшкен соттың бүгінгі тыңдалымы қос тараптың сөзжарысына берілді. Тағылған айыптардың барлығы бойынша ланкестің қылмысы ашылды деп, алдымен сөз алған мемлекеттік айыптаушы Саян Хайровты 12 жылға қамауды сұрады.

Дәулет Әбішев, мемлекеттік айыптаушы:

- Жазаларды ішінара қосу жолымен түпкілікті 12 жылға бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге, жазасын түзету мекемесінің қатың режимде өтеуді кесуді сұраймын.

Алайда қорғаушы жақ бұл уәжбен келіскен жоқ. Адвокат 35 кәугерден жауап алынғанын қарамастан, айыптың бірде-бір қажетті деңгейде дәлелденбеді деп отыр. «Кінәлі емеспін» деп сотталушы да соңғы сөзін түйді.  

Саян Хайров, сотталушы:

- Прокурор таққан айыптарды мойындамаймын. Бұл қылмысқа түк қатысым жоқ. Жала!

38 жастағы Батыс Қазақстан облысының тумасы Саян Хайровқа 5 бірдей бап бойынша айып тағылған. Атап айтсақ, «ланкестік топ құрды», «заңсыз қару-жарақ сақтады», «адам ұрлап, ақша бопсалады» және «заңсыз шекара асты» деген.


Жандос Бұлхайыр, С.Хайровтың адвокаты:

- Әрине, прокурор сұраған мерзіммен біз келіспейміз. Өйткені Хайровтың ешбір қылмысқа қатысы жоқ. Кінәсі дәлелденбеді деп есептейміз. Ешбір куәгер оның қылмысын дәлелдейтіндей айғақ айтпады.     

Естеріңізге салсақ, былтыр Іле Алатауы ұлттық паркінде 12 адам өтірілген болатын. Кейін «осы қылмысқа қатыс бар» деген күдікпен Бішкекте тығылып жатқан Саян Хайров қолға түсті. Ал оның сыбайласы Зәуірбек Ботабаев әлі іздеуде. Өзге содырлар күш құрылымдарының арнайы операциясы кезінде көздері жойылған.

Бір айдан астам уақытқа созылға бұл іске ертең түстен кейін соңғы нүкте қойылатын болды. Бірақ үкімді Саян Хайров адвокатының қатысуынсыз естімек. Өйткені қорғаушы басқа жақта да ісі болғандықтан сотқа қатыспайтынын айтты. Сондай-ақ ертең Хайровтың «мені күзетшілер ұрды» деген шағымы да жеке қарастырылатын болды.