Мемлекеттік бағдарламалардың аясында Жаңаөзен қаласының дамуына елеулі үлес қосылды

«Қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға байланысты Үкімет тарапынан бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Біздің қаламыз үшін ең маңыздысы - бұл 2020 жылға дейін қабылданған кешенді жоспар. Біз моноқалаға жатамыз. Осы бағыттағы бағдарлама аясында тиісті жұмыстар атқарылуда. Содан кейін кәсіпкерлікті дамытуға байланысты Үкіметпен 3 жылға арнайы жоспар қабылданды. Жалпы, осы бағдарламалар аясында қазіргі кезде қалада біраз жұмыстар жасалуда»,-деді қала әкімі.

Оның сөзіне қарағанда, кешенді жоспар негізінен әлеуметтік нысандардың құрылысын салу, жаңа жұмыс орындарын ашуға өз септігін тигізуде.

«Қаладағы үлкен әлеуметтік мәселе жұмыспен қамтуға байланысты. Атап айтқанда, «ӨзенМұнайГаз» қаланы толықтай жұмыспен қамтуға мүмкіндігі жетпейді. Себебі, Жаңаөзен халқы бүгінде 130 мыңға жуықтады. Сондықтан, мемлекеттік бағдарламалар, кешенді жоспар аясында жаңа жұмыс орындарын ашуда тиісті мүмкіндіктерге қол жеткізіп отырмыз»,-деді ол.


Әкімнің айтуынша, 2012 жылы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 мыңның үстінде болса, қазіргі кезде 8 мыңға жуықтады. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар 16 мыңнан асып отыр.