Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Жалпы Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы 1935 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы қабырғасында шағын хор болып құрылған. 1939 жылы Қазақ КСР үкіметінің қаулысымен Мемлекеттік хор капелласы дәрежесі берілген. Сондықтан, хор капелласының Мемлекеттік дәрежені алғанына биыл 85 жыл толып отыр. Ал, 1935 жылдан бастау алған ұжым бүгін 89-шы концерттік маусымын ашты.
Кеш шымылдығы ұжымның тарихына шолумен бастау алып, әр жылдарда ұжымда қызмет еткен ардагерлер мен Б. Байқадамовтың қыздары Балдырған, Алуа, Айгүл Бақытжанқыздарына гүл шоқтары ұсынылып, құрмет-қошемет көрсетумен түрілді. Хор капелласы концертті Сәкен Сейфуллиннің сезім мен сырға толы "Тау ішінде" әнімен бастады. Кеш барысында ұжымның айтулы күнімен құттықтап келген, Қазақстанның халық әртістері - Роза Рымбаева, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Үлкенбаева өнер көрсетті. Рамазан Стамғазиев хор капелласымен Ақан серінің "Шырмауық" әнін шырқаса, Роза Рымбаева Абайдың "Желсіз түнде жарық ай" шығармасын орындап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.
Бүгінде ұжым репертуарында әлем халықтарының 20 тілінде орындалатын 500-ден астам шығарма бар. Әлемнің бірегей ұжымдарының қатарындағы капелла Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түркия, Германия, Үндістан, Венгрия, АҚШ елдерінде өне көрсетіп жүр.
Жамбыл атындағы филармонияның директоры бұл концерт 90 жылдық мерейтойдың алдындағы дайындық екенін айтты.
"Біз филармонияның 89-шы маусымының ашылуына байланысты бірнеше концерттер бердік. Оның басын жеке солистердің бірлескен концертімен аштық. Жалпы биылғы маусымның ашылуы өте жақсы болып жатыр. Ең қуанарлығы маусымашар концерттердің барлығы аншлаг. Көрермен көп, билет жетпей жатыр. Бүгін мемлекеттік капелланың концерті ерекше форматта өтті. Себебі, Қазақстанның халық әртістері келіп өнер көрсетті. Кеш әстүрлі ән, дәстүрлі күй, эстрадалық ән мен капелланың бірігуі секілді әртүрлі жанрды қамтыған ерекше форматта болды. Келесі аптаның басында хор капелласы Қытайға гастрольдік сапарға кетеді. Ұжымның барлық шығынын Қытай мемлекеті өз мойнына алып, біздің капеллаға үлкен құрмет танытып отыр. Бұл жолғы гастрольдік сапарда бір концерт берсек, келесі жылы бірнеше қаласын аралаймыз деген жоспар бар. Бұл біздің 90 жылдыққа дайындығымыз болды деп ойлаймын. Биылғы концерттің барлығы дайындық есебінде жүріп жатыр. Себебі, келесі жылы филармония мен капелланың 90 жылдығы. Жалпы бастамамыз жаман емес", - Ақан Жылқышыбайұлы.
Кеш соңында Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының әртісімен де тілдесіп үлгердік.
"Тарихы терең капелламыздың бүгін маусымашар концерті жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Тыңдармандар да өте жақсы қабылдады. Сахнада тұрып залдағы көрерменмен байланыс орнатып тұрасың. Көзіне жас алып, әсерленіп жатқан халықты көргенде әнді одан да жақсы шырқауға тырыстық. Жалпы ұжым жазғы демалыста болғаннан кейін дайындығымыз көп болды деп айта алмаймын. Бүгін жанды дауыста 21 шығарма орындалды. Әр шығарманың өз қиындығы бар. Бүгін капеллада қызмет еткен алдыңғы буын ардагерлер де келіп, концертті тамашалады. Ол кісілер де өздерінің қызмет еткен жылдарын, айтқан әндерін еске алып жатыр. Биылғы маусымға жоспарлар көп. Сондықтан талғамы биік тыңдармандарды алдағы концерттерге шақырамыз", - деді Жанат Рақыметова.
Бағдарламада хор капелласының репертуарындағы танымал шығармалар орындалып, кешке келген көпшілік қазақ хор өнерінің бай екеніне тағы да бір мәрте куә болды. Кеш "Жайдарман" әнімен өз мәресіне жетіп, тыңдармандардың авациясымен аяқталды. 89 жылдық тарихында үнемі ізденіс үстінде болып, репертуардағы шығармаларын жаңартып, еліміздің музыка мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген капеллаға шығармашылық шабыт пен өнер әлемінде ғұмырлы болуын тілейміз.