Мемлекеттік хатшы Еуропалық комиссияның Қазақстандағы өкілін қабылдады

"Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынастың айтарлықтай алға жылжығаны сіздің жұмысыңыздың нәтижесі болып табылады. Бүгінде Еуропалық одақ біздің маңызды әріптесіміз. Біздің байланысымыздың ауқымы көптеген салаларды қамтиды", деді Қ.Саудабаев. Ол Адриаан ван дер Меерге үш жыл ішінде Қазақстанда тиімді жұмыс атқарғаны үшін алғыс білдірді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Еуропаға жол" бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл ретте Еуропалық комиссияның тәжірибесі, деңгейі осы салалардың барлығында бүгін де, алыс болашақта да маңызды бағдар болып табылады", деді мемлекеттік хатшы. Ол сондай-ақ Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасайтын кезде біздің ел мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынастың нығая беретініне сенім білдірді.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Еуропа арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мен кеңейтудің жолдары талқыланды. Бұл ретте Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы "Жаңа әріптестік старатегиясының" жаңа мүмкіндіктер ашатыны аталып өтті. Қазіргі таңда бірлесіп әзірленіп жатқан "Жаңа әріптестік стратегиясы: Қазақстанға арналған басымдықтар" атты жаңа құжат Қазақстан мен Еуропаның ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге көтеретіндігіне сенім білдірілді.

Өз кезегінде Қазақстандағы жұмысы жемісті болғандығына және оған көңілі толатындығына тоқталған Адриаан ван дер Меер, ендігі жерде Мәскеудегі Халықаралық ғылыми-технологиялық орталыққа басшылық жасайтынын айтты. Ол Қазақстанда жұмыс істеген жылдарда көрсеткен қолдауы үшін ел басшылына ризашылығын білдірді.