Мемлекеттік хатшы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысын өткізді

Бейнебайланыс форматында өткен отырыста бағдарламаны іске асырудың ағымдағы қорытындылары талқыланып, одан әрі атқарылатын жұмыстың басым бағыттары айқындалды.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Қырымбек Көшербаев отырысты аша келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі дамытудың құнды бағдарларын айқындағанын атап өтті. Біріншіден, Тәуелсіздігіміздің қастерлі құндылықтарын қорғау мен қастерлеу, екіншіден, қоғамдық дамудың өзекті мәселелері бойынша нақты мемлекеттік ұстаным екенін айтты.

Мемлекеттік хатшы жаһанданудың заманауи сын-қатерлері мен тегеуріндері жағдайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы адам капиталын дамытудың басты бағдары әрі қоғам үшін жаңа идеологиялық күн тәртібін қалыптастырудың тетігі екенін жеткізді.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, 2020 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында 8 миллионнан астам адам қамтылған 30 000 іс-шара өткізілген. Бағдарламаны іске асырудың жаңа құнды тәсілдері мен тетіктері шаралардың аясын үш негізгі бағыт бойынша кеңейтуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда: «Тұлғалық даму», «Ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебені арттыру», «Мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы». Сонымен қатар арнайы 4 жаңа жоба енгізілді. Олар: «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып», «Құқықтық мәдениет» және «Еңбек – елдің мұраты».

«Туған жер» арнайы жобасының аясында өткен жылы отандық меценаттар негізгі аймақтық инфрақұрылымдық объектілерді дамытуға 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп, әлеуметтік маңызы бар 537 нысан салып, 445 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізді.


Отырысқа қатысушыларға Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асырудың арнайы Жол картасы ұсынылды.

Жиында талқыланған мәселелер бойынша белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев, Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының меценаты Константин Поп, ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесинова сөз сөйледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2021 жылға арналған Жол картасын сапалы әрі тиімді іске асыруды қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берілді.

Мемлекеттік хатшы Ұлттық комиссияның ұсыныстары мен ұсынымдарын қарастыруды тапсырды. Атап айтқанда, Қазақстанның толық академиялық тарихын жазу үшін «Халық тарихы» атты жобалық кеңсені ашу, «Кинодағы және теледидардағы тарих» атты арнайы жобаның тақырыптарын күшейту, «Киелі Қазақстан» арнайы жобасы аясында туризмді дамыту, отандық Сайлаушылар банкін қалыптастыру. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін сапалы мәдени-ағартушылық және білім беру контентін қалыптастыру қажеттілігіне назар аударылды.