Экипаж командирі әрі Халықаралық ғарыш станциясына баратын 11 -экспедицияның командирі болып Ресейлік ғарышкер Сергей Крикалев тағайындалды. Сондай-ақ экипаж құрамына АҚШ астронавты Джон Филлипс, Еуропалық астронавт, Италия азаматы Роберто Виттори, ал қосалқы экипажға Ресейлік Михаил Тюрин мен АҚШ азаматы Даниэль Тани кірді.
Федералдық ғарыш орталығының баспасөз қызметінің жетекшісі Олег Урусовтың ақпаратына сәйкес, бүгін сонымен қатар ұшу алдындағы дәстүрлі баспасөз мәслихаты өткізілді. Онда экипаж мүшелері экспедиция барысында екі мәрте ашық ғарышқа шығып, 39 эксперимент, соның ішінде жаңадан 4 сынақ шарасын өткізетіні хабарланды. Ғарыштық технологиялар, материалтану, геофизика, жердің табиғи ресурстарын зерттеу, экологиялық мониторинг, ғарыштық биотехнология салаларында эксперименттер жүргізу жоспарланған. Экипаж АҚШ-тың "Шаттл" үлгісіндегі ғарыштық кемелерін қайтадан ұшыра бастауға байланысты қосымша жұмыстарды да атқаруға тиіс.
"Союз-ТМА-6" ғарыш кемесін алып ұшатын "Союз-ФГ" зымыран тасығышы 15-сәуірде Астана уақыты бойынша 6 сағат 46 минутта ұшырылады.