Мемлекеттік комиссия Халықаралық ғарыш станциясына баратын экспедицияның құрамын бекітті



Халықаралық ғарыш станциясына баратын 12-ші экспедицияның негізгі экипажына ресейлік Валерий Токарев бортинженер ретінде, НАСА астронавты Уильям МакАртур командир ретінде, Грегори Олсен ғарыштық турист ретінде енді.
Қосалқы экипажға бортинженер ретінде ресейлік Михаил Тюрин, командир ретінде Джеффри Уильямс, сондай-ақ, Space Adventures компаниясының ресейлік өкілдігінің жетекшісі Сергей Костенко енген.
Корабль командирі Валерий Токаревтің журналистерге хабарлауынша, ұшуға дейінгі уақыт ішінде экипаж мүшелері қалыптасқан дәстүрлі кесте бойынша жұмыс істейді: "Белое солнце пустыни" фильмін тамашалап, керек-жарақ дүниелерін жинастырып, жақындарына телефон шалады. Сонымен бірге ғарышкерлер арасында ежелден бір қызғылықты дәстүр қалыптасқан. Қатарға жаңадан қосылған ғарышкерді әзіл-қалжыңмен келеке қылу үрдісі бар. Бұл жолы ғарыштық турист Грегорий Олсенді тосын жайт күтір тұрған көрінеді. Бірақ қалжыңның түп-төркінін В.Токарев жария етпеді.
Экипаждың өзге екі мүшесі экспедиция табысты болады дегенге сенім білдірді.
Ғарыштық турист Г.Олсен "ғарышқа баратынына бақытты" екенін мәлімдеді. Екі жылға созылған дайындық зая кеткен жоқ, соның ішінде орыс тілін үйрену ең қиынға соқты , деді ол. АҚШ азаматы Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындайтын орталық мамандарына жоғарғы деңгейдегі дайындығы үшін ризашылығын білдірді. Ұшырылымға психологиялық тұрғыда дайындалуға оны төрт жасар немересімен қарым-қатынас қанаттандырған.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Халықаралық ғарыш станциясына баратын 12-экспедицияның сапары жарты жылға созылады. Г.Олсен 2005-жылдың 11-қазанында Халықаралық ғарыш станциясында жұмыс істеп жатқан 11-ші экспедиция мүшелері - Сергей Крикалев және Джон Филипспен бірге жерге оралады.
Халықаралық ғарыш станциясында жұмыс істейтін мерзімде негізгі экипаж 47 ғылыми экспериментті іске асырады. Соның ішінде биологиялық тәжірибелер, генетикалық зерттеулер, плазмалық кристалдармен зерттеулер жүргізу, Жер бетінің фото- және бейнесуреттерін түсіру жұмыстарын атқарады. Экспедиция мүшелері СПИД-ке қарсы вакцина жасауға арналған құрылымдық зерттеулерді одан әрі жалғастырады.
"Союз ТМА-7" экипажы 1-қазан күні Астана уақытымен 9 сағат 45 минутта ұшырылады.

i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті