"ҚР Конституциясының 20-бабы бойынша, мемлекеттік құпияны құрайтын ақпараттан басқа ақпаратты барлық азаматтар, яғни журналистерге де еркін түрде алып, оны еркін таратуға құқығы бар.
"Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" ҚР заңының 18- бабының 2 және 2.1 тармағына сәйкес мемлекеттік органдар және басқа да ұйымдар БАҚ жіберген сауалына 3 күннің ішінде жауап беруге міндетті. Немесе жіберілген хатқа байланысты оған қашан жауап берілетіні немесе оған жауап берілмейтіні жөнінде ақпарат жіберуге тиіс", -деді "Жастардың қайта құру және даму орталығының" волонтері Вячеслав Звонков.
Қатысушылардың пікірінше, алайда іс жүзінде бұл нормалар жұмыс істемейді. Жамбыл және көрші Оңтүстік Қазақстан облысынан келген журналистер айтқанындай, мемлекеттік органдардың ашықтық мәселесінің түйіні шешілмей келеді. Семинарға қатысқандардың айтуынша, мемлекеттік шенеуніктермен жұмыс істеу оңай емес.
"Мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты бейтарап ақпарат БАҚ-тарға тап бір үлкен жақсылық істегендей пұлданып беріледі. Ал егер сауалдарда қандайбір мәселенің беті ашылып жататын болса, онда шенеуніктер ол туралы ешқандай ақпарат бермейді, жақ ашпайды", -деді БАҚ штаттан тыс журналисі Андрей Самсонов.
"Жастардың қайта құру және даму орталығы" қоғамдық бірлестігінің волонтерлері Таразда жүзеге асырылған "Басылымға мәжбүрлі жаздыруға қарсы шара қолдану" атты жобасы аясында шенеуніктер тарапынан азаматтардың сауалдарына жүрді-барды берілгендігін, Жамбыл облысында мемлекеттік БАҚ басылымдарына күшпен жаздыру оқиғаларының болмайтыны туралы баршаға анық деректерді жоққа шығарғанын мысал ретінде келтірді.
Қатысушылар атап өткеніндей, Астанада ақпаратты еркін алуға мүмкіндік бар. Бұл жерде шенеуніктер мен журналистердің кәсіби деңгейінің жоғарылығы мен ақпаратты алудың құқықтық аспектілерін білуі үлкен роль атқарады. Астаналық журналистер ақпаратты заңсыз беруден қашқақтаған шенеуніктерге қатысты мәселені жиі айтып, оның заңсыздығын дәлелдеу үшін сотқа шағымданады.
"Ал аймақтағы жағдай басқаша өрбуде. Ақпарат орталығынан шалғайда жатқандығы, екі жақтың құқықтық білімсіздігі бірдей болып келетіндігі мен шенеуніктердің "мемлекет деген мен" деген ұстанымы, қоғамды қажетті ақпараттан тыс қалдырып, азаматтардың ақпарат алу жөніндегі конституциялық құқығын бұзуда", - деп есептейді семинар қатысушылары.