Енді мемлекеттік қызметке жаңадан келгендер мансап жолын ең төменгі лауазымнан бастайтын болады. Заң биылғы жылдың бірінші күнінен бастап күшіне енді. Тілшілерімізге берген сұхбатында Мемлекеттік қызмет департаментінің басшысы күшейтілген талаптардың қалай іске асатынын айтып берді. Мемлекеттік қызметке тағайындау да, одан босату да енді оңай болмайды. Алғаш рет қабылданушылардың жұмыста өзін көрсету мүмкіндігі артпақ. Сынақ мерзімі бұрынғыдай үш ай емес, алты айға ұзарды. Және этика талаптарын бұзған қызметкерлерге қолданылатын жауапкершілік те жоғары болмақ. Кодексте көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда, қызметкер жұмыс орнымен қош айтысады. «Командалық көшу» үрдісі де енді өткеннің еншісінде. Әли Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Мемлекеттік қызмет департаментінің басшысы: - «Командалық көшіруге» шек қойылған. Қазір ауысу тәртібі қатты шектелген. Ал мансаптық жоғарылату тек қана конкурс арқылы. Бұған дейін қалай болатын. Мысалы, бос лауазым пайда болса, оған конкурс жариялайды, ал сол мекеменің өзінде жұмыс істеп жатқан, халыққа ұнаған жас азамат көздеп отырған жұмысқа сырттан келген, бір күн жұмыс жасамаған адам қол жеткізетін мүмкіндік болған. Ал қазір оған шек қойылған.