ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi министрi Талғат Донақов халыққа есеп беру жиынында мемлекеттiк қызметкерлердiң жалақы көлемі мемлекеттiң қаржылық мүмкiндiктерiне байланысты болатынын айтты, хабарлайды BNews.kz.
«Мемлекеттiк қызметкерлер мен жалпы бюджет саласы қызметкерлерінiң жалақысы мемлекеттiң қаржылық мүмкiндiктерiне байланысты. Мемлекет бiрнеше жыл қатарынан мемлекеттiк қызметкерлердi әлеуметтiк қорғауды кезең-кезеңімен қамтамасыз етiп, еңбекақы көлемін арттырып келе жатқандығын бiлесiздер», - дедi министр.
Т.Донақов соңғы рет жалақы 30%-ға көбейгенін атап өтті.
«Менiң ойымша, мемлекеттiң қаржылық мүмкiндiктерiне байланысты болашақта бiздiң ел еңбекақы көлемiн арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдайтын болады. Сондай-ақ, «Мемлекеттiк қызмет туралы» жаңа заң бонустар мен үстемелер төлеу мүмкiндiгiн қарастырады. Бүгiнгi таңда мемлекеттiк қызметке бағалау жүйесi енгiзiлдi. Қазiр ол бейiмделу кезеңiнен өткiзiлуде, бiз келесi жылдан бастап жүйенi толыққанды iске қосуды жоспарлап отырмыз», - дедi Т.Донақов.