"Мемлекеттік тіл" қоғамдық қозғалысының "Рух- Дария" атты басылымының тұсаукесері өтті

Тұсаукесерге арналған баспасөз мәслихатында депутат мынадай деректер келтірді: "Бүгінде елімізде 2 млн. қазақ ана тілінде оқып-жаза алмайды. 600 мың қазақ балалары балабақшаға бара алмай отыр. Жекешелендіруден аман қалған онсыз да саны аз балабақшаларға қамтылған балалар саны небәрі 61 мыңды құрайды. 400 мың қазақ балалар орыс мектептерде оқып жатыр".

Қазақстан тәуелсіздікке ие болған оншақты жылдан бері осындай пұшаймен күйден бір арылмай келе жатқан мемлекеттік тілдің тағдыры үшін күш біріктіруге шақырған "Мемлекеттік тіл" қоғамдық қозғалысының белсенділері енді құр-бос ұран мен айқай-сүреңнен іске көшеміз деп сендірді.
Қозғалыс төрағасының орынбасары Жүсіпбек Қорғасбек былай дейді: "Мемлекеттік тілдің тағдыры мемлекеттің, биліктің қолында. Мемлекетіміздің мемлекеттік тіл туралы саясаты жоқ. Бұл ертеңгі күні тығырыққа әкеліп тіреуі мүмкін. Мемлекеттік тіл туралы бос уағыздан гөрі нақты талапқа көшетін мерзім жетті. Президенттен де, парламенттен де, үкіметтен де мемлекеттік тілдің жоқ-жітігін түгендеуді талап етпесек, болмайды".
М.Шахановтың пікірінше, "кезінде парламент қабылдап, Елбасының өзі бекіткен 2001-2010-жылдарға арналған үкіметтік бағдарлама қағаз жүзінде қалып қойды. Тіл жанашырларының табанды түрде талап етуінен кейін жуырда ҚР мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі аясынан Тіл комитеті қайта ашылды. Алайда оған жеке мәртебе беріп, қомақты қаржы бөлінбесе сөзден іс оза қояды деп айту қиын".
Мемлекеттік тілді дамытуға Қазақстанның мемлекеттік бюджетінде жеке-дара қаржы бөлу туралы арнайы бап қарастырылмаған. Ал ҚР мәдениет, ақпарат және спорт министрлігіне бөлінетін қаржының дәл қаншасы қазақ тілінің игілігіне жұмсалатынын қоғамдық қозғалыс өкілдері дөп басып айта алмайды. Өз басылымдарының 15 мың данасын жеке қаржымызға шығардық деп хабарлаған "Мемлекеттік тіл" қоғамдық қозғалысы үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға арналған жобалардың тендеріне қатыспақшы.
Осылайша халық қалаулысы атанғалы қазақ тілінің қамын күйттеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, депутаттық сауалдарды қарша боратып жатқан М.Шаханов жуырда үкімет басшысы Даниал Ахметовқа ҚР Ішкі істер министрлігінен немесе ҚР бас прокуратурасының жанынан Тіл полициясын құруды ұсынды. Оның бұл ұсынысын мәжілістің небәрі 23 депутаты қолдаған.
Сондай-ақ мәжіліс депутаты А.Айталы мен М.Шаханов бастаған бірнеше тіл жанашырларының "ҚР сайлау туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына ұлты қазақ азаматтар сайлау комиссиясына ана тілінен хабардарлығы туралы мәлімет тапсыруы тиіс деген бап енгізу туралы" ұсынысы ертең қаралады. М.Шахановтың айтуынша, ертеректе депуттар қабылдамай тастаған бұл ұсынысты мәжіліс пен сенат төрағаларының келісімімен қайта ұсынуға келіскенімен, кейбір депуттар адам құқығын алға тартуда.
Қозғалыс жетекшілерінің бірі Смағұл Елубай бұған былай дейді: "Сонда бізге жеке депутаттың құқығын ойлауымыз керек көрінеді. Ал 9 млн. сайлаушының, соның ішінде қазақ тілінде сөйлейтін 7 млн. адамның құқығын кім ойлайды?".