Сондай-ақ, алдағы отырыста "Мемлекеттік тіл туралы" жаңа заң жобасын әзірлеу, Тілдер жөнінде агенттік құрудың қажеттігі жайлы талқыланбақшы.
Отырыста "Тілдердің үштұғырлылығы" мәдени жобасы және тілдерді дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру мәселелері туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың баяндамасы тыңдалды.
Министрдің айтуынша, аталған жобаның мақсаты - мемлекеттік тілді дамытумен қатар, орыс және ағылшын тілдерін өскелең ұрпақтың игеруі үшін қажетті жағдайларды жасау.
Сондай-ақ, Е. Ертісбаев "қазақ тілін дамыту үшін үкімет нақты, жоспарлы, кешенді шараларды қабылдауда", деді.
Екінші мәселе - тілдерді дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру туралы - баяндай келе, министр "Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын" жүзеге асыру үшін" 2007 жылы республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінгенін" жеткізді.
Комиссия отырысын қорытындылай келе, премьер-министр енгізілген құжат жобасын жан-жақты талқылау қажеттігін атап өтіп, оны әртүрлі аудиторияда талқылауға енгізуді ұсынды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті