Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
«Статистикалық мәліметтердің түрлері өте көп. Соны кәдесіне жарататын адамдардың санын көбейту, жалпы статистикалық ақпаратты дұрыс тұтыну мәдениетін қалыптастыру үшін жаңа жобаны бастап отырмыз. Азаматтардың статистикалық сауаты бойынша білімін толықтыруға бағытталған «Data literacy» жобасы мәліметтерді дұрыс пайдалана отырып, тиімді шешім қабылдау идеясына саяды. Ол арнайы курстар түрінде өтеді, күрделілігіне қарай кезеңдері болады», - деп жазылған бюроның баспасөз қызметі ҚазАқпарат сауалына ұсынған жауапта.
Аталған курстан қарапайым адамдар, журналистер, дәрігерлер де өте алады.
«Ал, мемлекеттік қызметшілер үшін оны біз міндетті курстардың бірі ретінде ұсынуды ойлап отырмыз. Онда бюроның жұмысы, мәліметтердің қалай алынатыны, қай әдіснамаға сүйеніп есептелетіні, сараптау жолдары бойынша толық ақпарат беріледі», - делінген бюроның мәліметінде.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлттық бюро баға статистикасының растығын E-price жүйесі арқылы тексеруге көшеді.
Сондай-ақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанның статистика жүйесіне 3 жылдық шолу жасайды.