Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Sputnik Казахстан-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Жақындарының айтуынша, Нұрболат Жұмабаев Қостанайдан досымен бірге Шымкентке қалыңдығын әкетуге келген екен. Дәмханада түстеніп отырған екеуді арнайы жасақ қолына кісен салып алып кеткен.
Алайда полиция ғимаратынан 31 жастағы азамат тірі шықпады. Қостанайдан дереу жеткен әкесі мәйітханада жатқан ұлымның денесінің сау-тамтығы қалмаған дейді. Ал полиция департаменті таратқан ақпаратта қалыңдық туралы сөз жоқ. Шымкентке көлік ұрлауға келді деген күдіктінің денсаулығы дімкәс болуы мүмкін деп отыр тәртіп сақшылары.
Нұрболат Жұмабаев досымен бірге Қостанайдан Шымкентке бес күн бұрын келіпті. Қалыңдығын үйіне апару үшін келген жігітті жанындағы досымен дәмханада отырған жерінен арнайы жасақ қолын қайырып әкеткен.
"Көлікке отырғызғаннан бастап басымызға қапшық кигізіп, ұра бастады", - дейді Сергей Петров. "Департаментке жеткізгенде тепкі үдей түсті", - деп отыр денесі мен басынан жарақат алған марқұмның досы.
"Мен досымды соңғы мәрте көргенде полицейлер ұрып жатқан. Одан соң екеуімізді бөлек әкетті. Менің қолымды кісендеп, жерге жатқызып басымнан тепті. Бір мәрте басыма кигізген қапшықты шешіп, түрін жаттап үлгердім. Олар 3-4 жедел уәкіл мен тағы арнайы жасақтың жігіттері. "Сендер көлік ұрладыңдар, сондықтан мойындаңдар, көрші кабинеттегі досың мойындауға шақ қалды" деп күштеді. Өз еркіңмен қол қоймасаң, денсаулығыңнан айрыласың деп қорқытты", - дейді Сергей Петров.