"Мен пайғамбармын", қызыл жіп, жасыл шұлық: Сенімге шақырып желіні шулатқандар кімдер?

Дегенмен оқырманы көп танымал блогерлер үшін мұндай желілер халықты ақылға сыймайтын дүниелерге сендіретін алаңға айналып бара жатқандай, деп жазады Caravan.kz медиа-порталы bugin.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәселен, өткен жылы ғана Супер мамасита лақап атымен танымал Әлия Байтуғаева «қызыл жіп» сатып, шу тудырған еді. Оның айтуынша, мұндай қызыл жіп адамды көз тиюден ғана емес, жаман энергетикадан да сақтайды. Және блогер сатып алған қызыл жіпке өзіңіздің шынайы тілегіңізді айтсаңыз ол әп-сәтте орындалады деді. Ол «1001 түн» бағдарламасында сұхбат беріп, жіптерді 77 000 адам сатып алуға ниет білдіргенін ашық айтты.

Супер Мамасита

  Бұл іске байланысты блогер, журналист Өркен Кенжебек өз парақшасында пікір білдірген еді.

"Жасыл нәски, қызыл шүберектің сенің бақытты я бақытсыз статусыңа еш әсер ете алмайтынын бәрі біледі-ау деп ойлайтынмын. Қарапайым ақиқат деп. Бірақ 4500 теңгеден үш өрілген қызыл жіпті, әрине жай емес, Дубайға барып, Ясауи кесенесінің түбіне болып қайтқан "энергия" сіңірген қызыл жіпті 77 000 адам алуға әзір тұрғанын білгенде қайран қаласың. Оны сатып жатқан блогер әйелдің өзі сенсе, мейлі. Өзгелерді де адастырады-ау деп қынжыласың. Әйтпесе, адамдар "тез байысақ, бала тусақ, үйлі болсақ" деген дұрыс ниетімен дұрыс емес амал жасап, қазіргі жағдайларын одан әрі қиындатып жатқанын сезе ме екен?", - деп жазды Өркен Кенжебек.

Ал 4 жыл бұрын танымал тележурналист, Жанар Байсемізова өзінің инстаграм парақшасында  "Жасыл шұлық сатып алғандардың байлыққа кенеліп, қарыздан құтылатыны" жайлы жазып, көпшілікті сендірген еді.

Ол бұл техниканың мағынасын жасыл түстің ақша шақыратынымен, байлыққа жеткізетінімен түсіндірді.

Ол өз жазбасында: "Жалпы, жасыл түстің долларға пайдаланылуы тегін емес. Белгілі бір топтағылар ұзақ уақыт бойы құпия ақпараттарды жария қылмай, жасы­рып келді. Ұзын сөздің қыс­қа­сы, эзотерика іліміне сәйкес, қарыз­дан құтылғыңыз келсе, жасыл нәски киіп жүрі­ңіз. Ешкімді сүйе алмасаңыз, жасыл май­ка киіп жүріңіз. Жұмысқа тұра алма­са­ңыз да, гардеробта жасыл түсті көбей­тіңіз. Омыртқа ауырса, белге жасыл жіп байлауға болады екен. Мұны әлі жасап көр­медім. Сонымен, #жасылданайық, хал­қым! Сынамай-мінемей жасап көріңіз. Керемет болып жатсаңыз, бөлісіңіз. Ешнәрсе болмаса, ештеңе етпейді. #Ятутнепричем. «Менің түк қатысым жоқ» деген – сиқырлы сөз. Сол сияқ­ты үйде, түзде сізге қатысты бір қиын­дық туындап қалса, елдер айыптауға көшсе, #меніңтүкқатысымжоқ деңіз де, саспай, беймарал отыра беріңіз. Бәрін істеп жатқан – #Ұлыкүш, #Құдай", – дейді.

Әлеуметтік желілерде қалыпты дүниеге айналған психологиялық семинар-тренинг өткізетіндер,  "Армандар марафонын" өткізетіндердің тіпті көбейіп кеткені рас. Мұндай жалған пәлсападан бөлек ел ішінде өзін пайғамбармын деп бой көрсеткен отандастарымыз жайлы да ақпарат аз емес.  Мысалы, Талдықорған қаласының тумасы Хан Досаев өзінің пайғамбар екенін айтады. Әлеуметтік желілерде «Хан ата» лақап атымен танылған Хан Досаев өзін тұңғыш пайғамбар санайды.

Хан Досаев

Айтуынша, ол динозаврлар дәуірінде туған. Ал пайғамбар екенін 2011 жылы Құдаймен көріскенде білген.

Қараңғы бөлмеде жатқанмын, содан кейін жартылай ұйқыға баттым, сол сәтте маған аян келеді. Құдай: Хан, сен алғашқы Пайғамбарсың, сен бұл дүниедегі адамдардың қателерін шешуге келдің" дейді. "Мынау - 6 ғарыштың заңы. Сен осы арқылы әлемдегі бүкіл қатенің бәрін түзеп шығасың  деп айтты, - дейді ол.

Сондай-ақ ол ғаламторда өзінің сайтын да жасап қойған.

Сайт

Оған дейінгі уақытта БАҚ-ты шулатқан Түркістаннан Нұрәлі Әшірәлиев деген азаматтың шығып, өзін "Үшінші пайғамбармын" деп жариялағанын, қала әкіміне өз талаптары бар хат жазғаны да көпшіліктің есінде.


Нұрәлі Әшірәлиев

 Өзінің «Алланың хабаршысы» екеніне кәміл сенімділердің бірі – Абай Пішенбаев. 26 жылдан бері тылсым күш иесімен байланыстамын деген Абайды жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға апарғанда, одан ауытқушылық таппай, қайтарып жіберген. Шыменттік тұрғын сондай-ақ Түркияда зілзала болатынын білгенін, бірақ оны ешкім тыңдамағынын да айтып БАҚ беттеріне шықты.

Абай Пішенбаев

Ал соңғы уақытта әлеуметтік желіні шулатқандардың бірі - белгілі журналист, кәсіпкер, блогер Жанат Бақыт. Ол өзінің 2 миллионнан асатын аудиториясына жаратушымен тілдескенін және қазір адамдардарға жаратушының жолдамасын жеткізіп жүргенін айтады. Желіде оны қолдап жатқандар да, бұл ісінің дұрыс емес екенін айтып шырылдап жатқандар да аз емес.

Жанат Бақыт

Қорытындылай келгенде, әркім кімге сеніп, кімге сенбеу керектігін өзі шешері хақ. Дегенмен діни сауаттылықты арттырып, суық сананы іске қоспаса желіде жұлдызға айналғандардың соңынан еріп кету оп-оңай екенін естен шығармаған жөн.