4 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаеваны қаржы полицейлері түнгі рейспен жеткізіпті. Экс-шенеуніктің жағдайы мәз емес екені мына таспадан анық байқалады. Қолына салынған кісенді шешпестен, ол қала шетіндегі уақытша қамау изоляторына қамалған. Мұнда тек жемқорлықпен тұтқындалғандар емес, түрлі қылмысқа қатысы бар күдіктілер де отыр. Мешімбаева бір бөлмеде жалғыз емес, жанында 3 адам бар. Таңғы 6-да тұрады. Туыстарымен әлі кездесіп үлгермепті. Дегенмен жағдайы жақсы деп сендірді түрме әкімшілігі.
Ғалымжан Хасенов, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы:
- Күдікті Мешімбаева Астана қалалық жалпыға ортақ тергеу изолтяторында. Оның күдікті ретінде бүкіл құқығы сақталған. Күніне 1 сағатқа далаға серуендеуге шығады. Жатын орны бар. Күніне 3 мезгіл өз уақытымен тамағын ішеді. Ботқа, жұмыртқа, шай, сүт, шырын бәрі бар. Ел қатарлы асын ішіп жатыр.
Мешімбаеваның тергеу изоляторында қанша уақыт болатыны әзірге белгісіз. Алғашқы сот процесі қазанға жоспарланыпты. Оған дейін тергеушілер істі қайта қарап шығуы тиіс. Оның агенттік төрайымы қызметінде не ішіп, не жегені, қайда тұрғанына дейін тексерілмек.
Анар Мешімбаева міне, мына көпөқабатты үйде тұрған. Менің арт жағымнан оның тұрған пәтерінің терезесі көрініп тұр. Мемлекеттік қызметкер ретінде жалдамалы пәтер берілген екен. Қазір бұл үйде өзге адамдар тұрып жатыр. Бойжеткен қызы мен анасы үшеуі бірақ уақыт осында тұрған. Алайда Үкімет қаулысымен жұмыстан босатылып, кейін істі болғанда сот шешімімен бұл пәтерден айырылыпты. Қазір оның отбасы үйсіздер қатарында.
Мешімбаева тұрған бұл пәтер қазір басқа адамдардың иелігінде. Үй иелері өздеріне дейін бұл 3 бөлмелі пәтерде аты-шулы экс-шенеуніктің тұрғанын жақсы біледі екен.
Осылайша, елімізде қашқындарды қайтару операциясы жалғасуда. Анар Мешімбаева өзінің сыбайластарымен бір түрмеде кездесуі де ғажап емес. Кезінде өзінің орынбасары болған Нұрман Баянов пен Бірлік Мендібаев және «Киік» фирмасының құрылтайшысы Серік Тұржанов та қазір абақтыда отыр. Ал ондаған томнан тұратын Мешімбаеваның ісіне қатысты құжатпен қазір қалалық прокуратура өкілдері танысып жатыр.