Мешіттерде уағызды орысша оқу қажеттігін ойдан шығарған жоқпын - министр Н.Ермекбаев

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, бүгінде мешіттерге барып жүрген азаматтардың ішінде қазақ тілін түсінбейтіндер бар. Ал ондай адамдар уағызды түсінбесе, деструктивті ағымдарлың жетегінде кетуі әбден мүмкін. Осыған байланысты мешіттердегі уағызды орыс тілінде жүргізу туралы ұсыныс жасалды. Бірақ оны іс жүзінде қолға алу мәселесі әлі де талқылауды қажет етеді, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Жалпы, бүгінде қоғамда қандай мәселе көтерілсе, біз оны қарастыруымыз қажет. Қазір қоғамда осы мәселе көтеріліп отыр. Себебі мешіттерге жастар көптеп келуде, үлкен кісілер де бар, ауылда тұратындар да бар. Олардың ішінде имамдардың қазақ тілінде оқитын уағыздарын түсінбейтіндер де бар. Қала жастары ғана емес, ауылдан келген жастар да бар. Ал дін тілі және тұрмыстық тіл бұл - екі бөлек мәселе. Сонда қазақша түсінбейтіндер қайда барады? Олардың дінге деген қызығушылығы бар, бірақ мешітте айтылатын мәселелерді түсінбегеннен кейін деструктивті ағымдардың жетегінде кету қаупі бар. Ондай ағымдардың белсенділері қазақша да сөйлейді, орысша да сөйлей береді. Сөйтіп, жастарды тартып алады. Сондықтан біздің діни басқармамыздың жақсы білім алған имамдары жастарға өз ойларын жеткізе білуі керек. Осыған байланысты қазір бұл мәселе көтеріліп жатыр. Мешіттерге басқа ұлттың өкілдері де келеді, олар да уағызды түсінгісі келеді. Олар келіп сұрайды, имамдардың сөзі бізге түсінікті тілде неге жеткізілмейді деп», - деді Н.Ермекбаев журналистерге берген сұxбатында.

Министрдің сөзіне қарағанда, әзірше аталған бастама тек ұсыныс ретінде ғана көтеріліп отыр.


«Қазір ол бола ма, болмай ма. Әлде кейбір аймақтарда бола ма, әзірше белгісіз. Барлық мешіттерде енгізу керек деп ешкім айтып жатқан жоқ. Әзірше, ол мәселе қарастырылып жатыр», - деп атап көрсетті Н.Ермекбаев.

Естереңізге сала кетейік, қоғам қайраткері Мұxтар Тайжан мешіттердегі уағыз орыс тілінде болуы керек деген ұсынысты қолдамайтынын жеткізген болатын.

«Қазір жаңадан тағайындалған министр Ермекбаев мырза кейбір ойларын дұрыс айтып өтті. Бірақ менің ойымша, сіз өз ойларыңызды тек орыс тілінде ғана айтатын болсаңыз, жастар сізді түсінбейді. Өйткені жастардың көбі қазақтілді. Сондықтан мынау сіздің мешіттердегі уағыз орыс тілінде болуы керек деген ұсынысыңызды қолдамаймын. Себебі мешітке барып отырған жамағаттың 99 пайызы қазақ тілінде сөйлейді», - деп атап көрсетті М.Тайжан.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, Қорғаныс және Қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен «Қазіргі кезеңдегі экстермизм мен терроризмнің алдын алудың және олардың жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Заң жобасын талқылауға Парламент депутаттарымен қатар, тиісті орган өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен Мәжіліске кірмеген барлық партияның мүшелері, журналистер және елімізге белгілі саясаткерлер мен сарапшылар қатысты.