М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры Оралға келмек

Театр директорының орынбасары Александра Кустовскаяның сөзіне қарағанда, аталмыш өнер сапары А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрының сахнасында «Мастер және Маргарита» спектаклімен (режиссері, «Тарлан» сыйлығының және басқа түрлі фестивальдардың лауреаты Гүлсина Мерғалиева) ашылмақ.

1899 жылы құрылған аталмыш театр Оралда бұдан ширек ғасыр бұрын гастрольдік сапармен болған еді. Бұл жолы астаналық театр өз репертуарындағы үздік қойылымдарын әкеліп отыр. Мәселен, Н.Гогольдың «Ревизор» пьеасасы бойынша ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ю.И.Ханинга-Бекназар қойған «Мұнда бәрі өзіміз» атты спектакль театрда он жылдан бері қойылып келеді. Сондай-ақ Т.Уильямстың шығармасы бойынша қойылған «Тілек» трамвайы», режиссер, ҚР еңбек сіңірген әртісі Б.Пармановтың «Жабайы. Үшінші сөз» мелодрамасы және басқа қойылымдар көрермендерін бей-жай қалдырмайды.


Аталмыш театр Қазақстан өңірлерінде жиі болумен қатар шет елдерге де шығып, халықаралық фестивальдерге қатысып келеді.

Театр шеттен келетін өнер шеберлері Л.Чигин, В.Бородин, Ю.Нурматов, Н.Асанбеков, белгілі еуропалық режиссер Й.Вайткуспен де тығыз байланыс жасайды. Юлдаш Нурматов пен Нұрлан Асанбеков жұмысының нәтижесінде театр жаңа маусымды «Ромео және Джульеттамен» ашпақ. Йонас Вайткустың «Қорқыты» да театр репертуарынан орын алмақ.