Қарағандылық былғары қолғап шебері әуесқой бокста да ұлттық деңгейдегі және халықаралық дәрежедегі түрлі турнирде талай мәрте топ жарған. Кәсіпқой боксшы болуды бала жастан армандаған ол үлкен рингтегі алғашқы жекпе-жегін 2007 жылы желтоқсанның 14-інде өткізіп, жеңіс тойын тойлады. Қыркүйектің 20-сы күні 22 жасқа толатын Михаил - «дінім - ислам, ұлтым - гагауыз, отаным - Қазақстан» дейді. Герман Титов жетекшілік ететін «ХХІ ғасыр» клубында жаттығатын ол Әл-Хаттаб деген бүркеншік атпен бұған дейінгі 12 кездесудің тоғызында жеңіске жетіп (бесеуін нокаутпен), екеуінде тең түсіп, біреуінде ғана қарсыласына есе жіберді. 2008 жылы Самарада ресейлік Роман Симаковтан ұтылды. Михаилдың осы жолғы қарсыласы бұған дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған 76,2 килә салмақтағы ресейлік Максим Власов. Қыркүйектің 11-і күні 24 жасқа толатын Максим кәсіпқой бокстағы тұңғыш кездесуін 2005 жылы сәуірдің 21-і күні өткізген. Осы уақытқа дейін 18 рет жекпе-жекке шығып, оның 9-ын нокаутпен аяқтаған самаралық бұл боксшы да чемпиондық атақтан дәмелі.