Миллиардер Миттал теміртаулық кеншілердің жалақысын қысқартты

Кеншілер мен металлургтер өткен жылдардағы инфляция деңгейі бойынша жалақы көлемін қайта есептетуге қол жеткізгені сол еді, компания  бүйректен сирақ шығарды. «Арселор Митталдың» бас директоры қолын қойып, мөр басқан мына құжатқа сүйенсек кенші мен метталургтікі 25 пайызға, ал шетелдік қызметкерлердің жалақысы 50 пайызға қысқарған. Кәсіподақ ұйымы өкілдерінің айтуынша екіжақты келісім кеңессіз-ақ жалақыны шорт қию еңбек заңына, қала берді ұжымдық келісім шартқа қайшы.

Марат Миргоязов «Қорғау» металлургтер қәсіопдақ ұйымының төрағасы:

-Құжатпен дәлелденбеген, қиындыққа тап болып жатырмыз деп ауызша айтқан сөздеріне біз сенбейміз. Өйткені қандай бір жағдай болмасын ақылдасып шешілетін мәселе. Сонымен қатар 2014 жыл қортындысы бойынша жоспарды асыра орындадық деп жаһанға жар салғаны қайда компанияның? Сол жетістік, сол қаржы қайда кетті.

Компания өкілдері жалақының қысқаруын растайды. Бірақ жұмысшылар санын қысқартпадық деп мырзалық танытып отыр. Себебі негізгі нарық Ресейдегі құн құлдыраған шақта біздің темірге деген сұраныс күрт төмендеген. Компания қалтасы таяздаған тұста Үкіметте кеткен есесін еске түсірді олар.

Зухра Сұлтанова, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ қоғаммен байланыс басқармасының директоры:

-Бүгінгі қалыптасқан ауыр жағдайдың себебі болат нарығындағы сатуға байланысты қиындықтың салдары. Осы жағдайға байланысты біз мемлекеттің 2010 жылдан бастап төленбей келе жатқан 12 миллиард теңге қосылған құн салығын төлеу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.

Бүгін Қарағанды облысына вице-премьер Бердібек Сапарбаев келіп, жергілікті биліктің өңірдегі өндіріс орындарымен меморандумға отыру салтанатына қатысқан. Алашағын сұраған «Арселор Миттал» компаниясы жылдар бойы жергілікті билікпен жасасып келе жатқан меморандумға биыл отырудан да бас тартқаны мейманның да қытығына тиді.


Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

-Мемлекет кәсіпорындардың өркендеуіне барынша қолдау  көрсетіп жақтан тұста олардан да ең құрығанда өз жұмысшыларының жағдайына жауапты болуы керек. Ал бізде ше?«Арселор Миттал» тіпті меморандумнан бас тартты. Онда біз де мәселені басқаша қоямыз. Мемлекеттен оларға берілетін жеңілдіктерді тоқтатамыз

Вице-премьер Үкіметтің Арселорға 12 миллиард теңге қарызы барынан хабардар. Компания да Үкімет адамы келетін тұста жалақыны шорт кесіп, жұмыскерлерді ұлардай шулатудан қарызды даулаудың бір жолын көретін сияқты. Өйткені олар жалақының қалған пайызын жағдай түзелгенде немесе мемлекет қарызды қайтарғанда үлестіреміз деп отыр. Алайда дәл қазіргі қаржылық қиындықта оның реті келмейтінін жоғарғы шенді кесіп айтты.   

Loading...