Алматы қаласын аралап жүріп, бірден көзге түсетін жағдайға тап болдық. Almaty Bike жобасының бұрынғы бос тұрған станциялары түгелдей жойылыпты. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
2025 жылдың қараша айында біз осы тақырыпта «желге ұшқан миллиардтар» атты материал жазған едік.
Оқи отырыңыз: Желге ұшқан миллиардтар: Алматының экологиялық символы болған «алтын велосипедтер» қайда кетті?
Сол кезде редакция жауапты органға ресми хат жолдап, жобаның болашағы не болады, велошеринг қайта іске қосылу жоспарда бар ма деген сұрақ қойған. Open Almaty ресми жауабында қаржыландыру қарастырылмағанын атап өтті.
«Жоспарланып отырған электро-велошеринг жүйесін дамытуға көшуге байланысты, AlmatyBike велошеринг жүйесін ағымдағы жылы ұстауға арналған қаржылық қаражат қарастырылмаған. Аталған жүйенің одан әрі дамуы Алматы Паркинг ШЖҚ ГКП-на жүктелетін болады, ол өз кезегінде электр-велосипедтер мен механикалық басқарудағы велосипедтерді жалға беру желісін дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорынның Жарғысына қажетті құзыреттілікті беру бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде. AlmatyBike жүйесінде бұрын пайдаланылған механикалық басқарудағы барлық велосипедтер кәсіпорынның бірыңғай қоймасына сақтауға жиналды», - деп жауап берді.
Яғни, жоба іс жүзінде иесіз, әрі болашағы жоқ күйде қалған. Қаладағы қазіргі көрініс сол ресми жауаптың нақты дәлелі болды. Велошеринг станциялары толықтай алынып тасталған, ал жақын арада «Almaty Bike» жобасынан мүлде із де қалмайтыны анық.
Осы жағдай аясында қоғам тарапынан кем дегенде қалған велосипедтерді мұқтаж жандарға тарату туралы ұсыныстар айтыла бастады. Бұл бір кездері экологиялық, заманауи Алматының символы ретінде ұсынылған жобаның тарихын адами әрі қисынды түрде аяқтаудың бір жолы ретінде қарастырылып отыр.
«Almaty Bike» жобасы қандай еді?
Бұл - Алматыны экологиялық таза, заманауи қалаға айналдырудың символы ретінде ұсынылған жоба болатын. Велошеринг жобасы 2016 жылғы 16 қыркүйекте салтанатты түрде іске қосылды.
Сол кезде жаңа әрі қымбат велосипедтерді Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек жеке өзі сынап көрген. Ол әкімдік ғимаратының алдында велосипедпен жүріп өтіп, жобаны үлкен мақтанышпен таныстырған. Әкім Алматы экологиялық көлікке басымдық беруі керек екенін, тіпті болашақта қоғамдық көліктің бір бөлігін эко-велосипедтер алмастыруы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Жоба велосипед спортын дамытуға, қаладағы веложол инфрақұрылымын кеңейтуге, салауатты өмір салтын насихаттауға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталды. Велосипедтер кез келген ауа райында, –25 градустан +60 градусқа дейінгі температурада, тәулік бойы, 24 сағат пайдалануға жарамды деп ұсынылды. Осылайша, Алматыда веломаусым жыл бойы үздіксіз болады деп жоспарланған.
Миллиардтаған шығын және төмендеген қызығушылық
Осындай әдемі идеяны жүзеге асыруға бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. БАҚ-та жазылғандай, қор жобаны іске асыруға 1,3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған. Бұған қоса, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тағы 657,6 млн теңге бөлген. Жалпы алғанда, велосипедтер мен жабдықтарды сатып алуға шамамен 2 млрд теңге жұмсалды.
Соған қарамастан, Алматыдағы велошеринг 2023 жылдың соңына дейін ғана жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде қала әкімдігі жыл сайын жобаны күтіп-ұстауға, қызметін қамтамасыз етуге және жаңа велосипедтер сатып алуға миллиондаған теңге бөліп отырған.
Мемлекеттік сатып алулар сайтының деректеріне сәйкес, 2018 жылдан бері бұл мақсаттарға әкімдік тағы 1,39 млрд теңге жұмсаған.
Тексеру мен аудит нәтижелері де көңіл көншітпеді. Аудиторлар 2020 жылы 1700 велосипедтің тек 333-і ғана жарамды күйде болғанын анықтаған. Ал Қаңтар оқиғаларынан кейін құны 22,6 млн теңгені құрайтын 95 велосипед баланстан шығарылды.
Сонымен қатар велосипедтер біртіндеп өзектілігін жоғалта бастады. Қала тұрғындарының велошерингке қызығушылығы жыл сайын 10–30 пайызға төмендеп отырған. Бұған басты себеп — электросамокаттар. Олар қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі жылдам көлік түріне айналды.
Көзден ұшқан велосипедтер
2023 жылдың соңына қарай станциялардан велосипедтер жоғалып кетті. Ал қала тұрғындары мобильді қосымшаның істен шыққанын айтып шағымдана бастаған. Алматы әкімдігі велосипедтер мен станцияларға жоспарлы техникалық қызмет көрсету жүргізіліп жатқанын, содан кейін жүйе қайта іске қосылатынын мәлімдеген.
Алайда жоба сол күйі 2024 жылы да, 2025 жылы да қосылған жоқ. Әкімдік тендер жарияланғанын, және операторларды іріктеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ақыры еш нәтиже шықпады.
Биыл, яғни 2026 жылы Almaty Bike жобасына он жыл толады. 10 жыл ішінде миллиардтық жобадан түк қалмады. Енді оның қайда іске қосылмайтыны анық. Себебі станциялардың барлығын қопарып алып тастаған.
Шаң басқан велосипедтердің тағдыры
Жобаның жабылуына байланысты қоғам өкілдері ең қисынды шешімдердің бірін ұсынып отыр. Миллиардаған ақша жұмсалған қымбат велосипедтерді пайдаға жарату керек деп есептейді.
«Велосипедтердің қайда жоғалып кеткенін білмейміз, егер қоймада шаң басып босқа жатса, оларды мұқтаж жандарға таратып беру керек. Иә, олардың қосалқы бөлшектері қымбат болуы мүмкін, және жөндеу де оңай емес шығар, бірақ біздің халықтың қолынан бәрі келеді, олар бұл велосипедтерді жөндеп, қайта пайдалана алады», — дейді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Думан Қапасов.
Көптеген адамдар бұл велосипедтерді өз күшімен жөндеп, күнделікті өмірде пайдалана алады. Бірі үшін бұл — нақты көмек болса, енді бірі үшін — қарапайым, бірақ маңызды қуаныш болуы мүмкін.
Әлеуметтік желіде жүргізген сауалнамамыздың қорытындысы бойынша, қатысқан 300 адамның 89%-ы велосипедтерді таратып беру дұрыс деп санаса, 11%-ы шаң басып жата берсін деп есептейді.
Almaty Bike велосипедтері бүгінде ескірген әрі бәсекеге қабілетсіз екенін ескерсек, мұндай қадам орынды көрінеді. Оның үстіне, әкімдік бұған дейін коммуналдық электр велосипедтерін жалға беру жүйесіне көшуді жоспарлап отырғанын айтқан. Бұл бастаманың тағдыры қалай болатынын уақыт көрсетеді.