Тағы бір лауазымды басшы ірі көлемді парамен ұсталды. Бұл жолы талай жемқорлығымен аты шыққан «Қорғас» халықаралық сауда-ынтымақтастық орталығы президентінің қолына кісен салынды. Василий Ни миллион доллар пара алып жатқан жерінде құрықталған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мәліметінше, араны ашылған Ни «Қорғас тюльпан» компаниясының өкілінен тендерде жеңіске жету үшін осынша ауызбастырық сұраған. Ал кәсіпкер халықаралық орталықтың аумағында 5 жұлдызды қонақ үй салуға ниеттенген екен. Құлқыны кең басшығы параны өзінің қарамағындағы Инвесторлармен жұмыс бөлімінің жетекшісі жеткізіпті. Қазір Ниге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Айта кетсек, осы Қорғастан қыруар қаржы қымқырған тұтас бір қылмыстық топ бірер жыл бұрын ғана сотталған еді. Енді олардың қатарына, алдыңғылардан сабақ алмаған Василий Ни де қосылып отыр.