Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров малды уақытында тіркемегені үшін айыппұлдың екі есеге артатынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Атбасар ауданында сібір жарасын жұқтырған мал уақытында есепке қойылған жоқ. Ол малға бирка да тағылмады. Ал ауруды 19 адам жұқтырғаннан кейін екі ауылда карантин енгізуге тура келді.
"Бүгінде бирка тақпағаны үшін бірде-бір мал иесіне айыппұл салынған жоқ. Қазірден бастап айыппұл салынады, оны екі есеге де көтеретін шығармыз. Жауапкершілікті күшейтеміз", - деді Сапаров үкіметтегі брифингте.
Бүгінде малға бирка тақпағаны үшін 30 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
Айта кетері, биыл бес айдың ішінде Қазақстанда ірі қара мал басы 23,4%-ға, ұсақ мал – 7,8%-ға, жылқы – 12,2%-ға, түйе – 8,5%-ға, құс – 2,2%-ға өсті.