ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Фармация комитетінің бірқатар лауазымды тұлғаларының ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Негізгі тұстарын Агенттік пен Ұлттық бюро кеше ұсынған. Бізде қосымша ақпарат жоқ. Қазіргі кезде тергеу жүріп жатыр. Мүмкіндік болған сәтте ел алдында, соның ішінде сот тыңдаулары аясында қажетті ақпаратты алып, жария етіп отыратын болармыз деген ойдамын. Осыған байланысты әзірше іс материалы туралы сөйлеуге ерте", - дейді министр үкімет отырсының қортыныдысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты кезінде.
"Қатыстылығы жайында айтсақ. Мұнда ештеңе жасырудың мәні жоқ. Фармация комитеті төрағасының міндетін атқарушы және қызметтік тұлға ретінде олар "СК-Фармация" компаниясының дәрімен қамтамасыз ету қызметіне қатысты болған. Тығыз ынтымақтастықта болғандықтан, мәселен, "СК-Фармация" компаниясы жүзеге асыратын сатып алу мәселелері нормативтік база арқылы реттеледі. Оны Комитет жасап шығарады. Бұл күнделікті қарым-қатынас, сондықтан, қатыстылығы бар, әрине", - дейді министр.
Мұның алдында Фармация комитетінің лауазымды тұлғалары пара алғаны үшін ұсталғаны хабарланған. Ұсталған тұлғалар пара алумен қатар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында сатып алынатын препараттардың құнын өсіру жолымен бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.