Кеше Астанада «Марко Полоның жібек жолы» деректі фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті. Бір жылдың ішінде жарыққа шыққан ғылыми-танымдық фильмнің көрсетілімінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алдағы жылы түсірілетін Кейкі батыр туралы деректі фильмнің қашан дайын болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
«Негізі Марко Поло туралы да көркем фильм түсіруді ойлағанбыз. Дегенмен көркем дүние жасап шықпас бұрын ол туралы толықтай зерттеп, зерделеп алуды жөн көрдік. Сондықтан да «Марко Полоның жібек жолы» ғылыми-деректі фильм жасауды ұйғардық. Жалпы тарихи оқиғалар желісінде көркем фильм жасау өте жоғары деңгейдегі талғампаздықты, ғылыми негізді талап етеді. Себебі тарихты білетін халық, фильмнен тура соны көргісі келеді. Мысалы «Қазақ елі» фильмі де сондай. Тарихи дәлдікті беру үшін кинокартинаның заңдылықтарына бағынбай кететін жерлер болады» - дейді министр.
Ал кеше ғана министрдің өзі айтқан Кейкі батыр туралы деректі фильмның қашан шығатындығы жайлы айтты.
«2017 жылдың соңында біз Кейкі батыр жайлы ғылыми-деректі фильмді көрерменге ұсынамыз деген ниеттеміз» - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Жұмыс тобы танымал қаһарманның сыртқы бейнесі мен мүсіндік реконструкциясын әзірлеу бойынша ғылыми жұмыстар кешенін аяқтаған болатын. Осы жиын кезінде Мәдениет және спорт министрі алдағы жылы Кейкі батыр туралы деректі фильм түсірілетінін айтқан еді.