Министр хиджаб киген оқушыға қатысты пікір білдірді

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

«Менің орамалыма байланысты, сабаққа директорым кіргізбей жатыр. Мен басқалар сияқты мектепке оқығым келеді», – дейді 8-сынып оқушысы Ақерке Аманжан.

Өткен аптада арызын айтқан Ақеркенің мәселесі қоғамның талқысына түскен еді. Азаматтардың бірі мектептікі дұрыс десе, екіншілері оқушы қызды қолдап пікір таластырған болатын. Мектепте хиджаб кию тақырыбына қатысты құзыретті орган өкілдері талай рет мәлімдеме жасаса да, жаңа оқу жылында бұл мәселе қайталанып отырады.

Келе салып бірнеше реформаны қолға алған Білім және ғылым министрі төрелігін айтады-ау деген едік. Алайда, мәжіліс отырысынан шыға сала басқа жиынға асыққан Ерлан Сағадиев, екіұшты жауап қайтарды.

«Мектеп директорының мәселесі. Сосын ата-аналар комитеті жиналып, шешуі тиіс», – деді министр.

Мектеп директорында мұндай мәселеге байланысты шешім қабылдайтындай құзырет қайдан келсін.

«Біз мектепке кіргізбей отырған жоқпыз, тек қана мектептің табалдырығына дейін орамалыңды тағып кел, содан кейін ішке кірерде орамалыңды салғызып, іштегі балалармен бірдей болып отырсын деген талап қойғанбыз. Оны ата-ана дұрыс түсінбей отыр. Біз нұсқаулыққа байланысты өз жұмысымызды атқарып отырмыз, ішкі тәртібімізді ұстанып отырмыз», – дейді №21 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Балқаш Жақсиева.


Даудың шешімі айналып келіп Білім және ғылым министріне бәрібір тірелді. Мәжіліс ғимаратын айнала қашып құтылмасын түсінсе керек, Сағадиев мырза нақты өз кесімін айтып құтылды.

«Белгіленген формасы бар. Сол белгіленген формамен балалар жүруге тиіс. Мектепке баруға тиіс», – дейді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Ал Қызылордадағы мектепте оқушылардың улануына байланысты құзыретті органдардың тексеруі әлі аяқталмапты. Айта кетерлігі, бүгін ауруханаға жатқызылған 6 баланың 4-і емделіп шығыпты. Қазақстанда 7 жарым мың мектеп бар деген білім министрі, әр оқу ошағындағы қауіпсіздік мәселесіне директорлар жауапты деді.