Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, бүгінде тауарлық газдың орташа құны 1000 текше метрге 33 169 теңгені құрайды, тауарлық газдың бекітілген көтерме бағасы 23 646 теңге.
"Газ саласына инвестиция тарту және тауарлық газдың өзіндік құнына қол жеткізу үшін халық үшін бағаның күрт өсуінің алдын алуды ескере отырып, газ бағасын кезең-кезеңмен көтеру қажет. Осылайша, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме сатудың шекті бағалары орташа есеппен 14,6%-ға өсумен қайта қаралды", - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Ол үш жыл ішінде ішкі нарықта газды залалсыз сатуға қол жеткізу жоспарланып отырғанын, бұл елдің көгілдір отынға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеуге және еліміз үшін маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанның газ өндіруді арттыруды жоспарлап отырғаны белгілі болған.