«Министрлер мәселе шеше алмаса, неге отыр?»- БАҚ-қа шолу

 
  Еліміздің бас басылымында «Министрлер мәселе шеше алмаса, неге отыр?» деген мақала берілген. «Қазақстан министрлері нақты бір мәселені шешуге келгенде, өте шабан қимылдайды. Олар алдарына қойылған қандай да бір мәселені шұқшиып «май шаммен» қарауға бейіл келеді. Неге? Бұл Үкіметтің жұмысының тиімділігін жоққа шығарады»,-деп жазады газет. Осы орайда Еуропа және адам құқықтары сараптама институтының директоры Марат Башимов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында жоғары лауазымды шенеуніктердің бірде-бір маңызды мәселені өз беттерінше шеше алмайтындарын қатты сынға алды. Біздегі шаруасы шалқыған шаруаның бәрі оған Мемлекет басшысы араласқаннан кейін ғана өзінің орайын табады. Танымал сарапшыны Елбасының зейнетақы реформасын жүргізу мен ауыс-артық дүниелерге салық енгізу жайына араласуына тура келгенін мысал етеді. Ол сондай-ақ, Кеден одағы аясындағы мемлекеттердің өзара теңсіздігі мәселесін де ең алдымен Министрлер Кабинеті емес, тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі көтергенін алға тартады. «Аталмыш мәселе бойынша тұтас бір министрлік жұмыс істеп отырды ғой. Сонда олар қайда қараған? Ал еуразиялық интеграция қағидаттары іс жүзінде барлық жағынан тең болуы керек екенін, айталық, кедендік кеңістікте капитал мен тауар, қызмет көрсету мен жұмыс күші қозғалысының еркіндігі бірдей болуы керектігін, онда теңдік қағидасының бірінші кезекке қойылатынын бұлар білмеген бе?» - деп қайран қалады М.Башимов.

 ***

«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстанда жерді тыңайтпайтын болса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер түгіл, бау-бақшаға берілген жерлер де тартып алынады. Бұл үшін бес жыл мерзім кесіліп отыр. Кеше Мәжіліске «Үкімет сағаты» аясында есеп беруге келген Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осындай хабар айтты. Бұл күні депутаттар АШМ басшысынан жұмыстары бойынша «жапсарлас» министрліктердегі ауыс-түйістер жайын сұраумен болды. Министрдің айтуынша, соның арқасында қайта оның біраз ісі жеңілдеген екен: әйтпесе «не Арал құрғайды, не күріш өседі» деген қиын таңдау алдында тұрыпты. Жақында ел Үкіметінің құрылымында өзгерістер болғаны мәлім: Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы Жарлығымен экология ведомствосы «Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі» болып, қайта ұйымдастырылды да, оған АШМ-ның «жерді гидромелиорациялау мақсатында су пайдаланушыларға немесе олардың бірлестіктеріне дейін су жеткізу және бұру», ал Индустрия министрлігінің «жерасты суларын ұтымды және кешендi пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру» жөніндегі функциялары мен өкiлеттiктері берілді. Бұл туралы газеттің бүгінгі санындағы «Жерге қарамағандар жерге қарайды» деген мақаладан оқи аласыздар.

 Осы басылымда «Нұрлан Ерімбетов: Биліктегілер жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді» деген мақала берілген. Белгілі саясаттанушы, «Қазақстан Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Үкіметті Президент тапсырмаларын орындамай отыр» деп сынға алумен қатар, мемлекеттік органдар жұмыстарының бір бөлігін үкіметтік емес ұйымдарға тапсыруы керек деген ұсыныспен шықты.

-Үкімет мүшелерінің ешқайсысы да жауапкершілікті өз мойнына алмады - деп қынжылды Нұрлан Ерімбетов: «Ешкім де тұрып: «Иә, мен кінәлімін, кешіріңіз, қателігімді түзеймін», - демеді. Олардың әңгімесін тыңдасаңыз, бір сөзді қайталай береді: «Мемлекет басшысы айтқандай...», «Мемлекет басшысы тапсырғандай...», «Біз Мемлекет басшысының қалауымен жұмыс істеп жатырмыз»... Ал сенің қалауың қайда? Ал сенің бұйрығың қайда? Идеяларың ше? Сені не үшін министр етіп тағайындады?», - деп, сөзін қайырды.

 ***


«Алаш айнасы» басылымында «Денсаулық сақтау министрлігі өздері тыйым салған папиллома екпесін теледидар арқылы жарнамалауын қалай түсінесіз?» деген мәселе көтеріліп отыр. Осы орайда газет тілшісі бірқатар қоғам қайраткерлері мен мамандардың пікірін ұсынуда.

Майра Айсина, Мәжіліс депутаты:

- Қазір екі-үш дәрігерді тұрғызып қойып папиллома екпесі туралы сұрасаң, үшеуі үш түрлі жауап айтады. Соған қарағанда бұл саладағы мамандардың өздері екпенің пайдалы не зиянды екенін нақты білмейді. Бірақ бір білеріміз егер бұл екпе, шын мәнінде, пайдалы болса, дәрігерлер бір ауыздан дұрыс, нақты, дәлелді нұсқау берер еді. Кейбір мамандар айтып жүрген екпенің пайдасы рас болса, бүгінгі телеарналардағы насихат жұмыстары да сәйкесінше дұрыс бағытта болуы тиіс. Әйтпесе бірі пайдалы деп, бірі зиянды деп пікір таластыра отырып үгіт-насихат жүргізу, бұл саладағы жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі өзге емес, өздері үшін де сенімсіз деуге келеді. Папилломаны әлемнің 56 мемлекеті пайдаланады деген мәлімет бар, дегенмен, менің ойымша, ол бір адамға зиянын келтірген болса, одан бірден бас тартуымыз керек. Жалпы, балаға екпе ектіру үшін жалғыз дәрігерге ғана жауапкершілікті артпай ата-ана да перзенті үшін зерттеу жасап, дұрыс шешім қабылдауы тиіс деп есептеймін.

 Марианна Гурина, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті, республикалық ата-аналар қоғамдық кеңесінің мүшесі:

- Жасы 11-12-ден асқан қыз балалары бар ата-аналар маған хабарласып, осы папиллома екпесі жайлы жиі сұрайды. Шыны керек, не дерімді білмей, қатты қиналамын. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі павлодарлық екі қыздың жайынан кейін екпеге тыйым салып, енді бүгін телеарналардан жарнамалап жүр. Жарнама - нәтижелі, халыққа пайдалы дүниені ғана насихаттап, үгіттеу құралы ретінде қолданылатын дүние. Ал бізде сенімсіздік те, сыбайластық та белең алған. Ол аздай жарнамаға «11-12 жастағы қыздарға жыныстық қатынасқа түспей тұрып салу керек» деген жазбаны қосып қойыпты. Сонда бұл халықты қорқыту ма, 12 жастан соң жыныстық қатынасқа түсуге болады немесе түсіңдер деген үгіттеу ме? Өз басым 11 жастағы баламның болашағына тәуекел деп, бұлайша балта шаппаймын. Егер шын мәнінде пайдалы болса, дәрігерлеріміз дәлелдеп, дұрыс мағлұмат, дұрыс бағдар мен ақпарат берсін.

 ***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Кеңестік жұрнақтан арыла алмай келеміз...» деген мақала жарияланды. «Әрбір ұлт ата-тегінің айтылуымен және жазылуымен танылады. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма екі жыл өтсе де, ұлтымыздың дені әлі күнге дейін Кеңес өкіметі тұсындағы «ич», «вич», «ов», «ев», жұрнақтарынан арыла алмай келеді. Ұлт мүддесін қорғап, еліне жаны ашитын, зиялы қауым өкілдерінің арасында да аты-жөндері кеңестік дәуірдің жұрнағымен аталып жүргендері қаншама», -деп жазады мақала авторы.