«Қарағанды облысы Еркіндік ауылында эпизоотияға қарсы ірі қара малды вакцинациялау жұмыстары аяқталды. Жалпы ол жерде 1831 ірі қара мал, 269 ұсақ мал, 900 бас жылқы егілген. 24 680 м2 жерге залалсыздандыру жүргізілген», - деп жазады министрлік.
Сонымен қатар Еркіндік ауылының кіреберісіне екі блок-бекет орнатылған. Малдың қауіпті аймақтан шығып кетпеуі үшін ауыл айналасына шекара қазылды. Кезекшілік тәулік бойы жүргізілуде, оған полиция мен төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері тартылып отыр.
«2016 жылы 15 шілде күні толық зерттеулердің нәтижелері негізінде карантин алынып тасталды.
Қазіргі уақытта ол жердегі эпизоотиялық ахуал жергілікті және облыстық инспекцияның және атқарушы органдардың бақылауында тұр», - деп атап көрсетілген хабарламада.
Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Қалбатау ауыл округінің «Айғай кезең» учаскесіне карантин енгізілген болатын. Бұл аймақта 220 бас ірі қара, 800 бас ұсақ мал басы «сібір жарасына» қарсы вакциянациядан өткізілді. Қазіргі уақытта ауылдық округтің әкімі берген бұйрығы бойынша, бұл жерден карантин алынып тасталды. Алайда ол жердегі ахуал жергілікті инспекция мен атқарушы органдардың бақылауына берілді.
Павлодар облысы бойынша, Ұзынсу ауылында карантин жарияланған болатын. Азаматтардың иелігіндегі малды вакцинациялау жұмыстары жүргізілді. Мал терісін тексеру барысында, ірі қара малдың 23 терісінен және 1 жылқы терісінен «сібір жарасының» қоздырғыштары бары анықталды. Олар арнайы жерде дереу өртке қойылды. Қазіргі уақытта тері күлін тексеру жүргізілуде.
Бұған дейін хабарлағынымыздай, 2016 жылдың 8 маусымы мен 8 шілдесі аралығында Қазақстан бойынша 16 адам түйнеме жұқтырған. Алматы облысында - үш адам, Шығыс Қазақстан облысында - екі адам, Қарағанды облысында сегіз адам, Павлодар облысында үш адам осы аурумен ауырған. Өкінішке қарай, Қарағанды облысында екі, Павлодар облысында бір адам қайтыс болды. Аман қалған он төрт адамның сегізі қазір ауруханадан шыққан, тағы алты адам стационарда ем қабылдауда.