Минометтің жарылуы салдарынан жапа шеккен Ангола әскерилері жазылып келеді

«Олардың жағдайы жақсы. Көпшілігі жазылып келеді», - деді «ҚазАқпарат» ХАА-ға ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің басшысы Жанар Колбачаева.

Сондай-ақ ол қаза тапқан Ангола қарулы күштерінің әскериі Францишко Джордждың мәйіті отанына жеткізілгенін айтты. Мәйітін еліне жеткізуден бөлек, қазақстандық тарап тиісті құжаттарда жазылған барлық міндеттерін орындады.

«Барлық ота біздің қаражатымызға жасалды. Барлығын заң бойынша жүзеге асырдық», - деді Ж.Колбачаева.

27 шілдеде хабарланғандай, xалықаралық әскери ойындарға дайындық бойынша жаттығу жұмыстары кезінде Ангола командасында 120 мм миномет жарылған.

Салдарынан команданың 10 мүшесі зардап шекті, біреуі ажал құшты. Жарылысқа Ангола командасының 2Б11 минометін ату кезінде қауіпсіздік ережесін бұзуы және қатарынан екі рет оқтауы себеп болған.



Айта кетейік, Жамбыл облысындағы «Гвардейский» әскери полигонында 2 байқау өтіп жатыр: «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі». «Мерген шебі» халықаралық байқауы бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Қазақстанның командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Беларусь, үшінші орынды Ресейдің командасы еншіледі..

Жарысқа 12 елден - Қазақстан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Ресей және Грекиядан барлығы 270-тен астам әскери қатысты.