РФ СІМ Сергей Лавровтың ертеректе журналистерге берген түсініктемесіне сәйкес, "реформалар аясында мемлекет басшыларының кеңесін ұсақ-түйек мәселелерді шешу тауқыметінен босатып, бұл міндетті төменгі деңгейлі кәсіби мекеменің құзырына беру" көзделіп отыр. Сонымен бірге ТМД шеңберіндегі тиімсіз әрі қажетсіз органдардан бас тарту межеленген.
ҚР СІМ-інен KZ-today тілшісіне хабарлағанындай, кездесуде қауіпсіздік және лаңкестікке қарсы күрестегі ықпалдастық мәселелері де сараланады. Атап айтсақ, ТМД сыртқы саясат мекемелерінің басшылары ТМД-ға қатысушы-елдердің лаңкестік және басқа да экстремизм көріністерімен күрес саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы мен тұжырымдамасының жобасын талқылайды. Сонымен бірге отырыстың күн тәртібінде ТМД елдерінің заңсыз көші-қонмен күрес саласындағы 2006-2008-жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасының жобасын, салық саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасын, сондай-ақ, ТМД елдері арасындағы гуманитарлық саладағы ықпалдастыққа қатысты мәселелер топтамасын талқылау межеленген.
Ресейдің "Новости" ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, отырыста 8-мамырда Мәскеуде өтетін бейресми ТМД саммитіне дайындық тақырыбы да талқыланады.
ТМД сыртқы істер министрлерінің кеңесі мемлекет басшылары кеңесінің 1993-жылдың 24-қыркүйегіндегі шешімімен сыртқы саясат саласындағы іс-қимылдарды үйлестіру мақсатымен құрылған.