Митт Ромни АҚШ президенттігіне таласпайды

Бұл туралы ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында хабарлады.

«Келесі президенттік сайлауға қатыспаймын. Менің уақытым өтті», - деп мәлім етті ол.

ИТАР-ТАСС хабарлағандай, республикалық партиядан 2016 жылғы сайлауға экс-президент кіші Джордж Буштың інісі Флорида штатының бұрынғы губернаторы Джеб Буш, Техас губернаторы Рик Перри, сенаторлар Рэнд Пол, Марко Рубио мен Тед Круз, Арканзас штатының экс-губернаторы Майк Хакаби, конгрессмен Пол Райан және Нью-Джерси штатының губернаторы Крис Кристи қатысады.

Демократиялық партиядан үміткерлер АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы әрі бірінші ханымы болған Хиллари Клинтон мен вице-президент Джозеф Байден болуы мүмкін.


Митт Ромни 2003-2007 жылдары Массачусетс штатының губернаторы болды, содан кейін АҚШ-тағы президенттік сайлауға екі мәрте қатысты.