Дариға Бадықова әлеуметтік желіде қазақстандықтарға ренішін білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Өнер иесінің “Таптым-ау сені 2” фильмі жарыққа шыққан еді. Сонымен қатар голливудтық "Моана" мультфильмінің де екінші бөлімі қазақ тілінде көрерменге жол тартты.
“Моанаға" барып "позор" болып отырмайық. Бөтен елге ақшаны жіберіп, голливудқа шапан кигізіп отырмыз. Ашығын айтамын. 27 қарашада “Моанаға” барған қазақтар болды. Бірақ оларды сөкпеймін. Тек қандай қазақ екенін түсінбеймін. Сондықтан өзге елге ақшаларыңды шашпаңдар, байыса қазақ байысын. Таптым-ау сені фильмі мультфильмнен күшті”, – деді актриса.
Өзін Голливудпен салыстырған актриса халықтың сынына ұшырады. Ел тұрғындарының пікірі бір арнада тоғысты. Көпшілік отандық фильмдердің мағынасы жоқ екенін айтып жатыр.
"Сіздердің киноларыңыз ұнамайды, тәрбие жоқ, әйелдері күйеулерін жер қылып жатады. Ауыздары лас. Қазақша кинолардың мән-мағынасы жоқ, шығара бермеңдерші, өнер министрі қайда қарап отыр? Бұл жолы "Таптым-ау сені" фильміне ешкім бармай, кіріс түспей қалды ма? Біздің фильмдерді балалармен көру мүмкін емес, мағынасы да жоқ, тәрбиесі де жоқ, боқауыз сөздерден ұяласың. Екеуі екі бөлек жанр ғой, балаларымызды 16+ фильміне қалай апарамыз?", - деп жазып жатыр желі қолданушылары.
Айта кетейік, "Моана-2" шетелдік компанияның өз қаражатына қазақ тілінде ұсынып отырған анимациясы.