Мойнақ су электр станциясын салуға 250 млн. доллар инвестиция салынады – Қазақстан даму банкінің басшысы

“Қазақстан даму банкі жобаға қосуға тиіс өз үлесі – 25 млн. доллар қаржыны бөлуге шешім қабылдады”,- деп атап өткен А.Сембин қазір Қазақстан жағы Қытай даму банкімен жобаны қаржыландыруға 200 млн. доллар бөлу туралы кредиторлар арасындағы келісімге қол қоюға дайындалып жатқанын жеткізді. “Қалған 25 млн. долларды біз Еуропалық қайта құру және даму банкіне бөлуді ұсынуымыз мүмкін”,- деді А.Сембин.

Ол сондай-ақ таяу уақыттарда банктің еліміздегі инфрақұрылымды одан әрі дамытуға байланысты жобаларды қаржыландыруды жоспарлап отырғанын хабарлады. “Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Әлемдік банкпен бірлесіп Қазақстанның муниципалдық инфрақұрылымын электр қуаты, ыстық және суық сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешуге қатысты мәселелер топтамасы қарастырылуда. Бұл – дәл қазір елімізде шешілуге тиіс ең күрделі бағыт”,- деді банк төрағасы.