Мойылды ауылының жұрты 20 жылдан бері бір балабақшаға зар

-Павлодар қаласының маңындағы "Мойылды" деп аталатын бүтіндей бір ауылда балабақша жоқ. Кеңес үкіметі құлаған тұста қаңырап қалған мына бөбекжай қазір жұмыс іздеп келгендердің уақытша тұрағына айналған. Мектепке дейінгі мекеменің жоқтығынан жүздеген ауыл тұрғындары үйлерінде қамалып отыруға мәжбүр.

Бар жұмысына бара алмай берекесі қашқан мойылдылықтар жергілікті билікке өкпелі. Жиі ауысатын әкімдер ел болып еңсе тіктегелі оларды күнде ертеңмен алдап келіпті.

Маржанбике Жансағымова, Мойылды ауылының тұрғыны:

-Қаладан келеді, айтады-айтады, жарылғайды, міне 20 жыл болды жарылғағандарына.

Балабақшаның жоқтығы, әсіресе, Біләловтар отбасына ауыр тиюде. Сегіз баласын күн ұзақ бағатын 42 жастағы Ұзақбай әйелінің еңбегіне қарап қалғанын айтады. Жасы 30-дан аспаған алтынқұрсақты жары қалада аспаз болып, үйін жалғыз өзі асырап отыр екен.

Ұзақбай Біләлов, Мойылды ауылының тұрғыны:  


-Таңертең тұрған сайын, тұрады балалар, суға барамын, от жағамын. Жолдасым жұмысқа ерте кетеді. Мына балаларды қарап отырамын осылай. Тамағын беріп, киімін киіндіріп үйде...

Қалаға қарайтын Мойылды кезінде шағын шипажай ретінде салынды. Мұнда балшықты сумен емделушілер үшін әдемі орталықтар бой көтерген. Демалушылардың бар қажеті ескерілгені көрініп-ақ тұр. Тек, қала әкімдігі мыңнан астам түтіні бар ауылға қарасуға құлықсыз.

Бағдат Тұяқбаев, Мойылды ауылы әкімінің міндетін атқарушы:  

-Ауыл әкімдіктерінде бұндай үлкен мекемелер салуға ақша қарастырылмаған.  Бұл қала әкімінің құзыретіндегі істер.

Ал, қала басшысы жарты ай бұрынғы есебінде 140 орындық жаңа балабақша биылдан қалмай салынатынын жеткізген.Уәдесінде тұрса, ауыл мектебіне қарама-қарсы бой түзейтін нысанның құрылысы жарты жылдан кешікпей басталуы тиіс.