Мойынқұмдағы Хантау цемент зауыты толық күшіне енбек

Кәсіпорын қуаттылығы жылына 500 мың тонна цементті құрайды. 2014 жылдың қазанында іске қосылған зауыт желтоқсанның соңына қарай жоспарланған 30 мың тонна клинкерді ғана емес, сонымен қатар қосымша 3 мың тонна жоғары сапалы цемент өндірді.

Еске сала кетейік, 2007 жылы «ACIG» АҚ Хантау зауытының құрылысы үшін Қазақстан даму банкінің инвестициясын тартты.  

Құны 8,2 млрд. теңгені құрайтын зауыт 2013 жылы ашылады деп көзделген. Алайда бұл уақытқа дейін кәсіпорынның  85% ғана салынған, кейін қаржы тапшылығынан жоба тоқтатылды.

2013 жылдың қарашасында Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болған  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті атқарушы органдарға индустрияландыру картасына енетін Хантау цемент зауытын тезірек іске қосуды тапсырды.  

Осылайша ары қарай жүзеге асырылу үшін жоба «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдинг» АҚ-ның еншілес ұйымы «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ-ға берілді.  Өндірісті іске қосу үшін стратегиялық серіктес ретінде «Юг Цемент Строй» ЖШС тартылды. 7 жылға қарастырылған шамамен 5,35 млрд. теңге көлеміндегі несие  зауыты құрылысын аяқтауға мүмкіндік берді.


Зауыттың бірінші желісінің қуаттылығы бойынша тәулігіне 1 200 тонна клинкер өндірді.