Моңғолиядағы Қазақстан азаматтары елге эвакуацияланады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Елші арнайы ұшақты Баян-Өлгий аймағының әуежайына қондыруға рұқсат беру жөнінде қайта өтініш білдірді. Бұл мәселе бойынша У.Энхтувшин шетел азаматтарын эвакуациялау үшін арнайы ұшақтар тек Ұлан-Батыр қаласының "Шыңғыс хан"әуежайына ғана қона алатынын, Баян-Өлгий аймағының әуежайы үлкен габаритті ұшақтарды қабылдауға техникалық жағынан жарамсыз екенін айтты. Сонымен қатар Ховд аймағының әуежайы халықаралық мәртебеге ие болғанымен 2019 жылы осы аймақтың әуежайына Моңғолияның үкіметі үлкен габаритті ұшақты қондырар кезінде техникалық ахаулар пайда болған. Содан бері аталған әуежай үлкен габаритті ұшақтарды қабылдай алмайды.

У.Энхтувшиннің айтуынша, қазақстандық тарап өз азаматтарын эвакуациялау үшін арнайы ұшақ ұйымдастырған жағдайда, Қазақстаннан келетін ұшақ бос болмау үшін, моңғол тарапы біздің елде оқитын ұлты қазақ моңғол студенттерін және басқа да Моңғолия азаматтарын тек 5 маусымнан кейін ғана қабылдай алады. Оның себебі, ауруханалар тек осы мерзімде босайды.

Қазақстандық тараптың ұшақ ұйымдастыру жоспарын естіген моңғол тарапы Ұлан-Батырдан Қазақстанға арнайы ұшақ ұйымдастыру жөнінде өздерінің ұсынысын да жеткізіп, осы ұшақтың бір жаққа бос бармау мәселесі талқыланды (ұшақ екі жаққа толық болған жағдайда жол ақысының құны арзан болады). Моңғол тарапы арнайы ұшақты 5-10 маусым кезеңінде ұйымдастыру мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта ҚР азаматтарын эвакуациялау үшін арнайы ұшақты ұйымдастырудың нақты мерзімі Қазақстанның және Моңғолияның Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияларымен келісілуде.

Құрметті отандастар, қазіргі кезде сіздерді Қазақстанға жеткізу мүмкіндігі бар. Сабыр сақтап, дайын отыруларыңызды сұраймыз
, – деді Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаев.