Моңғолияның этникалық қазақтар тұратын Баян-Өлгий аймағында 130 үй қирап, 700 қандасымыз баспанасыз қалды. Бұл туралы Жанарбек Ақыби әлеуметтік желілердің біріндегі парақшасына жазды, деп хабарлайды Caravan.kz.
Оның хабарлауынша, 5-шілде күні кешкі 5-те аймақ орталығы Баян-Өлгий қаласында бар жоғы 15 минут шамасында бұршақ жауып, соңы алапат селге айналған.
«9 - бақтан (ықшамаудан болса керек.ред) 120 үйді, 6 - бақтан 10 үйді құлатып кеткен еді.700 адам үй панасыз қалды», деп жазыпты Жанарбек Ақыби.
Сондағы қандастардың айтуынша, қауіп әлі сейілген жоқ. Көшкін қайталануы мүмкін көрінеді. Қазір көлігі барлар тауда жүр. Аймақ әкімшілігі де сел жүруі мүмкін қауіпті аймақты бақылап қана отырған көрінеді. Сырттан да көмек келмеген. Ал баспанасыз қалған қазақтар уақытша киіз үйлерде тұрып жатыр.
Өз жазбасында Жанарбек Ақыби «ағайынның жақындығын басыңа күн туғанда білерсің. Алқалы елім қайдасың», деп Қазақстандағы қандастардан зардап шеккен ағайындарға қол ұшын созуды сұрайды.
Әзірге Қазақстандағы белсенділер банктен арнайы есеп-шот ашып, елден жылу жинап жатыр. Ал дүйсенбі күні олар Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына жолға шықпақшы.