Мүфтият қайырымдылық акциясын бастады: ай сайын 30 адам тегін емделеді

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықаралық медицина орталығымен ай сайын 30 адамға тегін ем-дом жасауға уағдаласты.

Бұл туралы Caravan.kz порталы sputniknews.kz-ке сілтеме жасап хабарлады. 

Қайырымдылық акциясы діни басқарманың 30 жылдық мерейтойына орай қолға алынып отыр.

Нұр-Сұлтан қаласында бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халықаралық "Жас-Ай" медицина орталығының бас директоры, бас дәрігер Жасан Зекейұлын қабылдады.

Кездесуде мүфтияттың "30 жылдық мерейтойға – 30 игі шара" аясында 30 адамға тегін ем-дом жасау мәселесі жан-жақты талқыланды.

"Жас-Ай" медицина орталығының бас директоры бұл бастамаға қолдау көрсететінін мәлімдеп, мүфтияттың нұсқамасымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан ай сайын 10 адамды, барлығы 30 азаматты тегін емдеуге уәде берді", - деп хабарлады ҚМДБ.


Тараптар осы бастама аясында ортақ игі жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Діни басқармадан мәлімдегендей, 30 адамды тегін емдеу акциясы жыл соңына дейін жалғасады.