Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар ісі жөнінде мамандандырылған соты мектеп-интернат тәрбиешісін 1 жылға бас бостандығынан айырды.
Облыстық прокуратура хабарлағандай, жетім балаларға арналған №15 мектеп-интернаттың бұрынғы тәрбиешісі кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін 1 жылға еркінен айырылды. Сонымен қатар, оған 3 жылға дейін бала оқытуға тыйым салынды.
Хабарламаға сүйенсек, 2012 жылы 10-қаңтарда оның «мұғалімнің ақшасын кім ұрлағанын анықтау мақсатында бір оқушыны кеудесін шымшылап азаптағаны» анықталды.
«Сол күні кәмелетке толмаған тәрбиеленушілердің бірінің қолдарына ыстық үтік басып алған. Зардап шеккен балалардың ақыл-есі кеміс және тілінде мүкіс бар», - делінген хабарламада.