Мүгедек баланы одан сайын мүшкіл халге жеткізген анаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

6 жасар Адам өз бетінше сөйлей де, қозғала да алмайды.Тамақты да әрең ішеді. Сал болып туылған балаға микроцефалия диагнозы қойылған.

Дәрігерлер мұндай дертке шалдыққан балаларды жиі бақылау керектігін айтады. Ал кішкентай Адам мүлдем қараусыз қалған.

Ағзасы әбден әлсіреген баланың салмағы 8 келі. Денесі тым ұзақ жатқаннан сүйегіне дейін ойылып қалған. Ал ішімдікке салынған анасы ұлы туралы мүлдем ұмытыпты.

Тамара Крылова, невролог дәрігері:

- Үйінде дұрыс қаралмаған бала Қарабалық ауданындағы ауруханаға жеткізілген болатын. Отбасының жағдайы төмен. Баланың қазіргі жағдайы орташа. Дегенмен, денсаулығы нашар.

Бұл отбасының жағдайын аудандағы прокурорлар да жақсы біледі. Бірнеше апта бұрын кішкентай Адамның халін білуге келген олар жағаларын ұстағандарын айтады.

Ғалия Ертаева, Қарабалық ауданының аға прокуроры:

- Баланың жамбасы, құйымшағы ұзақ жатқаннан ойылып қалған. Анасы гигиеналық процедураларды жасамағандықтан, бала үстіндегі киіміне дәретке отыра берген. Онысын әрең жуып кетірдік.

Қазір бала Қарабалық аудандық ауруханасы дәрігерлерінің бақылауында. Шешесі болса көрші Боскөл елді мекенінде. Алайда қатыгез ана тұратын мына үйдің есігі құлыптаулы тұр.


Людмила Медведева, Татьяна Русолдың енесі:

- Баспана да, мал да берілді. Баланы тастап, үш күнге дейін жоғалып кетеді. Кішкентай Адам бізбен бірге тұрғанда, өз бетінше отырып, теледидар қарайтын.

Аналық міндетін дұрыс атқармаған әйелдің үстінен қазір қылмыстық іс қозғалған. Бұған дейін киім мен азық-түлік ұрлаған Татьяна Русолдың шартты мерзімге сотталғаны тағы бар. Ал қараусыз қалған Адамды енді құзырлы органдар анасынан айырмақ.

Loading...