Жаңа заң жобасын ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектердің қоғамдық ұйымдары белсенділерінің мүлдем дерлік қатысуынсыз жасаған. Баспасөз мәслихатына қатысушылар бұл құжатты бір қайнауы жетпеген мүлдем шикі, әрі олардың құқығын шектейтін құжат деп таниды. "Бұл құжат көп жағдайда деклациялық сипатқа ден қойып, мүмкіндігі шектеулі адамдар онда әлеуметтік қорғау мен дәрігерлік мәпелеуді талап ететін әлжуаз обьектілер ретінде қарастырылған. Мұндай көзқарас тұлғаның жігерін мұқалтып, алалаушылыққа жол береді",- делінген мәлімдемеде. "Біз халықаралық стандарттарға сай келмейтін, мүгедек жандар үшін тең мүмкіндіктер тудыруға кепілдік бере алмайтын жаңа заңның тұжымдамасының өзін қабылдай алмаймыз ",- дейді олар.
Мүгедек балалары бар ата-аналардың "АРДИ" қауымдастығының төрайымы Әсия Ахтанованың атап көрсетуінше, қазір Қазақстанда мүгедектердің өзін өзгертуге бағытталған медициналық модель қабылданған. Ал қоғамдық ұйымдар болса, мүгедектерді емес, қоғам мен мүгедектерге деген көзқарасты өзгертуге негізделген әлеуметтік үлгінің қабылдануын қолдайды. "Біздің пайымдауымызша, мүгедектердің қазіргі ахуалы мен оларға қатысты алалаушылыққа негізделген ұстанымды қоғамның өзі қалыптастырған",- дейді Ә.Ахтанова.
Қоғамдық ұйымдар алалушылыққа қарсы тетіктер басты арқау етіп алынған "Мүгедектердің тең құқылылығы туралы" заңның жаңа тұжырымдамасын жасауды ұсынады. Баспасөз мәслихатына қатысушылар сондай-ақ, мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының өкілдерін жаңа заң жобасын жасауға жұмылдыру қажеттігін талап етті.
Жоғары білімі бар мүгедектердің "Намыс" қоғамының төрағасы Қайрат Иманалиевтің айтуынша, ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі заң жобасын биылғы жыл соңында парламентке ұсынбақшы. Сондай-ақ, Қ.Иманалиевтің хабарлауынша, мүгедектер ұйымдарының белсенділері мәжілістегі "Отан " партиясының өкілдерімен кездесіп үлгерген. Олардың заң жобасына көңілі толмаушылығы туралы естіп білген "Отандықтар" мүгедектерге қолдау көрсетуге уәде беріпті.