Светлана Зубарева 4-ші сыныпта өзін өзі тану пәнінен ашық сабақ өткізбек болған екен. 34 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз балалар қобалжымасын деп, дәрігердің рецептімен ғана сатылатын «фенозепам» деген ауыр психотроптық дәріні берген.
Светлана Зубарева, мұғалім:
-Сырқатпын, дәрігерлер ота жасауға дайындап жатыр. Соның алдында қобалжымасын деп осы дәріні жазып берген еді. Сол күні балалардың өздері мені қоршап алып, бізге де тыныштандыратын дәрі беріңізші деп сұрады. Арты бұлай болады деп мүлдем ойлаған жоқпын.
18 жасқа дейінгі балалардың пайдалануына мүлдем тыйым салынған препаратты сыныптағы төрт бала ішіпті. Олардың қозғалысы баяулап, мінез-құлықының өзгергенін сол сабаққа қатысқан мұғалімдер де байқаған екен. Қайта-қайта сыртқа сұранған сол оқушылардың бірі ақыры талып құлаған.
Жанар Құрманғожина, мектеп директорының міндетін атқарушы:
-Фельдшерді шақырдық. Сосын мен әкімге хабарласып едім,. дәрігерлер келді. Олар балаларды тексеріп екеуін жатқызды.
Ауруханада бірнеше күн жатқан оқушының анасы Татьяна Бондаренко қызым әлі күнге дейін оңалған жоқ дейді. Перзентінің кейбір түсініксіз қылықтары анасын әлі де шошытып отыр.
Татьяна Бондаренко, оқушының анасы:
-Мұндай адам педагогика саласында мүлдем жұмыс істемеуі керек. Оның кесірінен қызым жарымес болып қала жаздады.
Светлана Зубарева бастауыш сыныптарға сабақ беруден шеттетіліп, әзірге зертханашы қызметін атқарып жүр. Ал полиция «денсаулыққа абайсызда залал келтірді» деген баппен қылмыстық іс қозғаған. Қандай да бір шара енді сол істің қорытындысы бойынша қолданылмақ.
Loading...