"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасында ұстаздарды зейнетке ерте жіберу, жеңілдетілген ипотека беру ұсыныстары қарастырылмаған. Бұл туралы бүгін мәжілісте заң жобасын таныстыру барысында белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын әзірлеу барысында қоғам тарапынан мұғалімдерді еңбек өтіліне қарап, зейнетке ерте шығару туралы ұсыныс түскен еді. Алайда, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл ұсыныс қолдау таппаған.
"Зейнетақы шотында белгілі бір жинағы бар азаматтар үшін зейнетке ерте шығу мүмкіндігі қарастырылғанын білесіздер. Ал мұғалімдерге қатысты айтар болсам, біреулері 20 жылдан кейін, енді бірі 35 жылдан кейін зейнетке шығару керек дейді. Бір-біріне қарама-қайшы пікірлер айтылуда. Қазіргі заң жобасында мұндай норма қарастырылмаған", - деді ол.
Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бюджет мүмкіндігін ескере отырып, бірқатар ұсыныс мүдделі мемлекеттік органдарда келісімнен өтпей қалған. Зейнетке ерте шығу, екі еселенген көлемде сауықтыру жәрдемақысын төлеу, педагогтарға арналған жеңілдетілген ипотека, доцент және профессор атақтары үшін қосымша ақы, педагогикалық мамандықтар бойынша білім алатын студенттерге жоғары стипендия төлеу секілді ұсыныстар солардың қатарында.