Парламент сенатының депутаты Динар Нүкетаева қоғамда мұғалім мамандығының қадір-қасиетін көтеретін бірқатар ұсыныс айтты. Ол өз сауалын Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа жолдады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Нүкетаева мұғалім жалақысының өскеніне қарамастан әлі де білім саласындағы шенеуніктер мен оқушылардың ата-аналары тарапынан қысым көріп келе жатқандығын айтты. Бүгінгі таңдағы мұғалім образы – құқығы тапталған әлсіз адам.
«Ресейде педагогқа қатысты жасалған қысым мен қадір-қасиетін төмендетуді билік өкілдеріне көрсетілген қысыммен теңестіруге ұсыныс жасалып жатыр. Мұндай тәжірибе біздің мұғалімдерге қатысты да қолданылса деген ниет бар», - деп жалғастырды сөзін сенатор.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінде бейнекамерасы бар, интернетке қосылған ұялы телефон ұстауға тыйым салынғандығын еске салды.
Еске сала кетсек, Парламент Сенатының депутаты Динар Нөкетаева ҚР Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында орта білім беру мекемелерінде ер мұғалімдердің аз екенін айта келе, педагогикалық мамандықтарға ер азаматтарды тарту үшін жеңілдіктер қарастыруды да сұрады.