Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздің Үкіметі 2011 жылғы 24 мамырда мұғалімдерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін дамыту жөніндегі тұжырымдамалық тәсілдерді мақұлдады. Сөйтіп, жаңадан құрылған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы (ДББҰ) Педагогикалық шеберлік орталығында озық әлемдік тәжірибе мен педагогикалық тәжірибені қолдану арқылы Қазақстандағы ұстаздардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламаларын жасау тапсырылды.
Педагогикалық шеберлік орталығының қызметі казақстандық білімнің әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдасуы жағдайында мұғалімнің үздіксіз кәсіби даму идеясына негізделген.
Педагогикалық шеберлік орталығы қызметінің бағыттары мынадай:
- Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептеріне Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жинақталған тәжірибесін тарату;
- қазақстандық және шетелдік жаңашыл мұғалімдердің үздік педагогикалық тәжірибесін қорыту және тарату;
- Республика педагогтерінің біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
әлемдік тәжірибеге сәйкес қазақстандық педагогтердің біліктілігін арттыру.
Қазір Алматыдағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсы өткізілуде.
Биылғы 5 маусым мен 16 маусым аралығында осы орталықта оқытушы Ділдәхан Ибрагимовтың курсы жүргізілуде. Біз, ұстаздар, онда әлемдік тәжірибеге сәйкес біліктілігімізді арттыра алатынымызға сенімдіміз. Өйткені осы курстан бұрын білмеген көп жайтты үйреніп жатырмыз. Мұнда Жалпы ережелерді, бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерін, құрылымы мен мазмұнын жүйелі түрде негізге ала отырып, педагогикалық шеберлікті дамытудамыз. Бұл тұрғыда Мемлекеттік білім стандартын, "Мәңгілік ел" стратегиясын қолдана отырып, олардың келешек ұрпақты тәрбиелеуде аса маңызды екенін түсіндік. Сонымен қатар, сыныпаралық өзгерістермен де осы курс арқылы танысып жатырмыз.
Жалпы, осындай мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары педагогтардың білім деңгейін жоғары дәрежеге жеткізе алады деген ойдамын.
Мөлдір Киізбай,
Қожа Ахмет Яссауи атындағы
№123 мектеп-гимназия тарих пәнінің мұғалімі,
Алматы