Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы допинг дауына қатысы бар спортшылардың Риода өтетін Олимпиадаға қатыса алмайтыны туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Біздің спортшылардың осы допинг дауындағы тізімге ілінуіне қатысты... Олардың Рио Олимпиадасына қатысуы туралы айту қиын. Қазір олар дайын, жастары да келіп тұр. Меніңше, олар Токиода өтетін Ойындарға қуана қатысады. Бірақ қазіргі уақытта олар кез келген спорттық жарыстардан шеттетілді", - деді министр Президенттің олимпиада құрамасының спортшыларымен кездесуінен кейін Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза мен Светлана Подобедованың Рио Олимпиадасына қатысуы туралы сұраққа жауап бере отырып.
Айта кетейік, "спортшылар Рио Олимпиадаларына қатыса алмай ма?" деген сұраққа министр "Иә, әрине" деп жауап берді.
"Допингке қарсы өтіп жатқан шаралар көбісіне түсініксіз болып жатыр. Олардың қаншалықты әділ, қаншалықты әділетсіз екені... Бірақ мұның барлығы сендерді алаңдатпау керек. Сендердің тапсырмаларың - жеңу, күресу", - деді Назарбаев Ақордада спортшылармен кездесу барысында.
Еске салайық, осыған дейін Ильиннің Лондонда 2012 жылы өткен Олимпиадада алынған сынамасында тыйым салынған заттардың бар болып шыққаны белгілі болған еді. Сонымен қатар, қазақстандық тағы үш ауыратлеттің қанынан допинг табылған болатын. Яғни Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова да жазғы ойындарға қатыспауы мүмкін. Кейін Ильиннің 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасындағы допинг-сынамасы тыйым салынған заттың барын көрсетті. Ильин болса допинг қолданғанын
үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.