Мұхамеджан Тазабек аңдамай басты ма әлде әдейі істеді ме?

Әрине, кейін Мұхамеджан Тазабек ол жазбаны қателесіп бөлісіп жіберіппін деп өшіріп тастады, деп хабарлайды Caravan.kz.

"Кеше менің парақшамда мұсылманның жаназасына миллионға жуық адам жиналғаны туралы мәлімет келтірілді. Осы санға қайран қалған мен Абдулхалим Абдулкаримов деген біреудің жазбасын бөлістім. Ол адамды танымаймын. Оның радикалдар қатарынан екенін білмейді екенмін. Мен тек оқиғаны көрсеткім келді. Сол адамның жолымен жүруге шақырған жоқпын" деп жазыпты ол өре түрегелген желі қолданушыларына жауап ретінде.    

Ал енді Абдулхалим Абдулкаримов деген кім дегенге келсек, оның жауабын Serke.org сайтынан алуға болады. Онда "Украинада отырып алып жұртқа ылғи уахаби-сәләфилік көзқарасты тықпылап жүретін Абдулхалим Абдулкаримов – әбден беті ашылған радикал дағуатшы. Ол исламның екі тармағы саналатын шиіттер мен суниттердің арасындағы діни идеологиялық қайшылықты үнемі ушықтырып, жаулықтың жалауын көтеріп жүреді. Оның ойынша, уахаби-сәләфилік көзқараспен үйлеспейтін мұсылмандардың бәрін түгел қырып жою керек. Ол әлемнің нөмірі бірінші терроршысы атанған Усама бин Ладенді, Сейид Кутбты және басқа да солар сияқты радикалдарды пір тұтады, оларды ислам әлемінің ұлы тұлғасы санайды. Тіпті, Абдулхалим Абдулкаримовтің әлеуметтік желідегі парақшасында беліне бомба байлап өзін өзі жарып жіберіп, талай адамның өмірін жалмап кеткен ауғанстандық әлдебір терроршының қылмыстық әрекетін «нағыз жиһад осы» деп тамсанған жазбасы бар" деп жазылған.

Сондай-ақ, бұл сайттың журналистері Мұхамеджан Тазабековтің әлгі жазбаны байқамай бөлісіп жібергеніне күмәнмен қарайды. 


"Тіпті осы ағымды уағыздап жүретін шейхтардың әлеуметтік желідегі жазбасын респост жасап одан әрі таратқандар да, лайк басып қолдау білдіргендер де жауапкершілікке тартылып жатыр. Сондай ісі үшін бірнеше жыл түрмеге қамалғандар бар. Әрине, олардың кейбірі сауатсыз, жақсы мен жаманды айыра алмайды. Әлеуметтік желідегі белсенділікті осылай жасау керек екен деп діни экстремистік жазбаларды көреді, өзі уланғанмен қоймай, басқаларға да таратады. Дегенмен, олардың ықпал ету аудиториясы Тазабековтікіндей кең емес. Ал еліміздегі аудиториясы ауқымды блогер саналатын Мұхамеджан Тазабеков жөнінде олай айта алмаймыз. Ол бәрін біледі. Біле тұра осындай әрекеттерді ауық-ауық жасап, жат идеологиямен он мыңдаған адамды улап жібереді. Оның бұл құйтырқы әрекеті әшкере болып қалғанда «мен ол қауымға кірмеймін» деген сипатта ақталып, тіпті болмай бара жатса, «жаздым-жаңылдым, білмей қалдым» деген сылтау айтып құтылып кетуді әдіске айналдырып алды. Дегенмен, мұндай құйтырқы әдіске соңғы жылдары қатаң тосқауыл қойлып жатқанын білеміз. Сондықтан, осы жолы Мұхамеджан Тазабековтің құтылып кетуі неғайбыл" дейді автор.