Мұхтар Әблязовке қатысты тағы 8 қылмыстық іс қозғалды

Әлін білмей әлек болып Әблязов осылайша өңі түгіл түсіне кірмеген тосын жайттарға топ ете түсті. Мұхтар мырзаның қызметін майшаммен қараймыз деп білек түрген елдерді айтап айтсаң ауыз талады, санасаң қос қолдың саусағы бүгіледі. Өйткені шалқып жүріп бүлдіргені көп оның. Оңтүстік Африка азаматының төл құжатын арқалап жүргені де сеп болмады, ақыры Францияның Мусан-Сарту қаласында құрықталған. Әп дегеннен Қазақстан тарапы 9 қылмыстық іс қозғап еді. Міне бүгін қаржы полициясы Мұхтар Әблязовтың мойнына тағы 8 қылмыстық істі ілді.

Мұхтар Әблязовтың құлқынын майлаған қаржыны миллиондап емес, миллиардтап санайтын күн туды. Қаржы полициясының да 31 шілдеде құрықталған қаржыгерге арада бір жеті өткенде 8 қылмыстық істі ілгені де сол. Қулығына құрық бойламайтын әккі Әблязов жеті рет өлшеп бір рет кесетін қылмыскер. Содан болар Қазақ жерінен басқа Украина, Ресей, Ұлыбритания, Қырғызстан, Венгрия, Латвия елдерінің де аузын айға қаратып кеткені. Бұған дейін “БТА” банкінен 5 млрд АҚШ долларын ұрлап, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған оның бүлдіргені бұдан да көп екен.

Мұрат Жұманбай, ҚР Қаржы полициясының ресми өкілі:

- БТА банк АҚ ақшалай қаражатын ұрлау фактілерін тергеу барысында қаржы полициясының тергеу жедел тобы банкке 317 миллион доллар көлемінде залал келтіргенін анықтады. Жалған компанияларға қайтарымсыз несиелерді беру жолдарымен. Қазір қаржы полициясы банктің бұрынғы басшыларына қатысты тағы 8 қылмыстық іс қозғады.

317 миллион АҚШ долларын өле жегенше бөле жеген Мұхтар Әблязовтың сыбайластары қазір қамауда. Ресейде құрықталған 5 жақтасының әрқайсысы 10 жылдан темір торға тоғытылған еді. Қазақтың қаржысын қапшығына салып қашқан қаржыгер Отандастарының да қатты ашуына тисе керек. Бүгін бір топ “Әблязовты қайтарайық” атты үкіметтік емес ұйымның құрылғанын жалпақ елге жария етті.


Сәуле Толғанбаева, “Әблязовты қайтарайық” ұйымының мүшесі:

- Әблязовтың қалтасында кеткен қаржыларды елімізге кері қайтару өте маңызды. Өйткені Мұхтардың Әблязов миллиардтап ұрлаған, егер сол ақшалар Отанымызға қайтарылса қаржы жетпей жатқан көптеген саланы аяғынан тұрғызар ек. Және Мұхтар Әблязов Қазақстандық құқық қорғаушылардың қолына берілсе дейміз, өйткені оның жазасын осында беру керек.

Мадиықтасақ Мұхтар Әблязовке қарсы Қазақтың құқық қорғау орындары жалпы саны 17 қылмыстық іс қозғады. Отанға оралса, яғни Қазақстандық құқық қорғаушылардың қолына тапсырылса кемі 13 жылға бас бостандығынан айрылады. Бұдан бөлек, Лондонда жоғарғы сотты сыйламағаны үшін Мұхтар Әблязовті 22 айға абақтыға қамау туралы шешім шығарылып қойған. Украина, Қырғызстан, Ресей сынды бірқатар елдерде Әблязовты өз елдеріне алдырмаққа әрекеттенуде. Ешбірі де қазақстандық қаржыгердің маңдайынан сипамақ емес, барлығының ойы жасаған қылмысы үшін сазайын беру. Енді бұл істе  Францияның Мұхтар Әблязовты қай елдің қолына тапсыратынын күту ғана қалды.